Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » ҚҰПИЯСЫ МОЛ БАРШЫНКЕНТ ҚАЛАСЫ

ҚҰПИЯСЫ МОЛ БАРШЫНКЕНТ ҚАЛАСЫ

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының бір бөлігі туған жердің ұлттық құндылықтарын қадірлеуге арналғаны мәлім. Соның бірі – еліміздің киелі де, қасиетті орындарын құрметтеу. Олардың тарихы мен тағылымын бүгінгі жас ұрпақтың бойына сіңіру. «Тарихыңды білмей, болашағыңды болжай алмайсың» деген бабалар сөзі бар. Осы орайда Сыр бойында орт ғасырлардағы өркениет ордары көптеп саналады. Сырын ішіне бүккен көне қалашықтарға облыс әкімінің қолдауымен жыл сайын археологиялық қазба жұмыстары жүргізіліп жатқаны көңілге қуаныш ұялатады.
Қағазға түсіп, хатталған тарихтан белгі тарих осыдан он ғасырға жуық уақыт бұрын қоныс болған, бүгінгі Сырдария ауданы Қоғалыкөл ауылын өркениет көшінің ұлы жолына жалғап жатыр. Тораңғыл сай – Жаңадария мен Қожарық ортасында орналасқан шығыстан батысқа қарай бір, солтүстіктен оңтүстікке қарай біржарым шақырым жерді алып жатқан көне қаланың атауы – Баршынкент.
Баршынкент бала кезімізде қой жайып жүріп қыш кесектерімен, оюлы әшекейлі кесе сынықтарына қызыға қарап, мол қазынаға кенелеміз,- деп көмбе іздеген жеріміз. Ересектердің талай аңыз әңгімесіне арқау болған аңыз қаланың орны.Деректерге сүйенсек, 1219 жылы әйгілі Шыңғысхан 150 мың қолмен Сыр бойына келеді. Ол ұлдары Шағадай мен Үгедейді Отырарды қоршауға қалдырып, үлкен ұлы Жошыны Сырдарияның төменгі бойын жаулауға аттандырады. Әскерінің үшінші тобын Сырдың жоғарғы тобындағы қалаларды талқандауға жұмсап, өзі кіші баласымен Бұхара-Самархандқа бет бұрды. Араб және парсы жазбаларында 30-ға тарта қалаларды моңғол шапқыншыларының басып алғандығы жазылады.Жошы қолы Сығанақтың 10 мың тұрғынын қырып, одан әрі Үзгент, Баршынкентке бағыт алды.
Тарихшылар Сырдарияның төменгі бойындағы ірі қалалардың бірі – Баршынкент моңғол шапқыншыларына көпке дейінгі берілмеген дегенді айтады. Соған қарағанда бұл мықты бекітілген қала, ол Жентке және Жанкентке баратын іргелі қорғаған болған секілді. «Один город под именем Барчин долго противился ему (т.е. Окедаю)», - деп жазды Плано Карпини.
«Баршынкент» аталуы халық сүйіп оқитын батырлар жырының негізгі кейіпкері Алпамыспен байланысты. Оғыз феодал ақсүйектерінің өкілі Баршын сұлу есімді атақты әйел Сырдарияның төменгі бойындағы қаланы өз есімімен атайды, осыдан Қыз қала атауы шыққан деседі. Аңыз бойынша Сырдарияның оңтүстік жағасындағы Көк Кесене Баршын сұлудың құрметіне салынған. (Әлкей Марғұлан шығ. 9-том)
Қоғалыкөл іргесіндегі Баршынкент, Қызқала, Қышқала атауымен тарихта таңбаланған бұл қалаға 1992 жылы М.Елеуов пен Т.Мамидің қатысуымен археологиялық зерттеу жүргізілді. Айнала ор қазылған қаланың оңтүстігінен солтүстігіне қарай орналасқан орталық көшенің орны анықталды. Мешіт және үй орындарына қазба жүргізіліп тиын, керамика өнімдері жиналып ертедегі қаланың төлқұжаты жасалды. Қабырғасы 19 қабат кірпіштен қаланған бір бөлмеге зерттеу жұмыстары жүргізілді. Бөлменің шығысында өрнекті қаптамалардың сынықтары табылды. Онда араб тілінде жазылып, көгілдір ақшыл түспен өрнектер салынған. Қазба барысында керамика сынықтары, әйнек, моншақ үзінділері кездесті.
Сонымен қатар іргетасы қыш кірпіштен қаланған мешіт-медресеге зерттеу жүргізілді. Кіре беріс есігі шығысқа қараған бұл ғимараттың төрт бұрышы дүниенің төрт жағына бағытталып, құрылыс құбылаға бағдарланғандығы анықталды. Қазба тереңдеген сайын ыдыс сынықтары сирек кездесті. Қыш сынықтары, сонымен бірге теңгелер де табылды. Мұндағы кіре беріс бөлме қойма болып, тандыр шығу есігіне қарай орналасқан. Орталық бөлме шаруашылық және тұрғындық қызмет атқарған.
Археологиялық зерттеу Алтын Орда мен Түркістан өлкесіндегі экономикалық дамыған аймақтармен бірге тауар-ақша қатынастарында маңызды рөл атқарғандығын дәлелдеп берді.
«Қыз қала», «Қышқала», «Баршынкент». Бұл жерге тағы да келдім. Көлемі әртүрлі төбелер бір-біріне жалғасып, бар сырын бүгіп сұлық жатыр. Айнала қазылған ор, ойпаңға өскен шоқ-шоқ шеңгел, дария жағалай өскен жиде, жыңғыл, тоғай.
Мамыр айының бар сұлулығын паш ету үшін алқызыл гүлін, жапырағын жайып жайқалып тұр. Үп еткен самалмен ырғалған жиде, шеңгелдің жұпар иісі бас айналдырып, бойыңды балқытып барады. Биылғы жылға тән жаяу бұрқасын жүре бастады. Сәлден соң жел күшейіп, тұтасқан қалың бұлт түтілген жүндей ыдырап түте-түтесі шықты. Теріскейдегі айдау жолдың шаңы көтеріліп, борай бастады.
Тура сегіз жүз жыл бұрын шығыстан қалың қол дәл осылай қаптаған болар. Топыраққа көмілген жұмбақ қалада қауырт жұмыс. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, тарих ғылымдарының докторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мадияр Елеуов пен Ә.Х.Марғұлан атындағы археология институтының бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Дөкей Талеев бастаған археологтар зерттеу жұмысын бастағалы айдың жүзі ауды.
Дөкей Әбдікерімұлы бастаған топ бар сән-салтанатымен бауырына басып, құлаған алып қабырғаны аршып жатыр. Жапырақ гүл ақ, көк түспен боялып қиюластырылған мозайка маңдайша жақтауларды, көлемі 40х40 см болатын бетіне ою-өрнек бедерленіп күйдірілген қыш плиталарды ашып алу инемен құдық қазғандай ыждағаттылықты талап ететін қиын жұмыс екен. Мадияр Елеуов бастаған топ мешіт пен медресе орнын аршып жергілікті халық талап кеткен қыштан қаланған табанын төрт қатардай өріп, бұрынғы әсем ғимараттың сұлбасын келтіруде. Бұрыштары дөңгелек колонна болып өрілген ауқымды алып ғимараттың орны өткен ғасырлардың сән-салтанаты жарасқан өркениет мекені екенін айшықтап тұр.
Баршынкент байлықтары
Қазба жұмыстарын жүргізуші археолог – ғалымдар Баршынкент қаласына жақын маңда тағы да қалалар болу керек екендігін, сол қалалардың орнын көрсете алатын жер жағдайын білетін жан болса, - деген ниетін білдірді. Іздегенге сұраған. Бала кезден әкеміз қой қыстатқан, әкеге еріп қоғам малын өз төл есебінен көбейтіп абырой тапқан Мұңайтпас аталатын алқапта талай қала мен қоныстың орны бар екенін жайып салдым. Осы Қоғалыкөл ауылынан қол созым жерде ғана өзбек елімен шекарасындай болып ондаған шақырым жерге созылып жатқан Көксеңгірдің етегіндегі Сырлытам, оған жапсарлас жатқан Заңғарқала. Көксеңгірдің шығысында Мортық қоныстары, оған іргелес Ашнас, жоғарыда әңгіме болған Баршынкент - Қышқала сияқты елді мекендер көп болған. Бұл біздің өлкемізде осы кезеңде қала мәдениетінің өркен жайып, жоғары дамығандығының айғағы.
Одан бөлек ауылдан 20-30 шақырым жердегі «Қорғанша», «Мыңшоқы», «Таз төбе» аталатын қоныстардан табылған жәдігерлер осы өлкенің бай тарихының айғағы. «Қорғаншадан» табылып, Бесарық ауыл музейінде сақталған диаметрі бір метр болатын тас диірмен, шығырмен су шығаруға арналған қыш құмыралар өткен күннің бізге қалдырған сыйы, ата-бабаларымыздың өркениетінің құнды жәдігерлері.
937-1050 жылдары өмір сүрген ортаазиялық энциклопедист-ғалым Әбу-Райхан Әл Бирунидің айтуынша, Сырдың орта және төменгі ағысы атырабында үш жүз қала болғандығын жазды. Академик Ә.Марғұлан мен археолог К.Байпақов жасаған картада 37 қаланың атауы берілген.
Көлік иесі Нағи Ілиясов атындағы ауылының қоғамдық кеңес төрағасы Қуандықов Нұрмағанбет, ғалымдар Мадияр Елеуов, Дөкей Талеевпен бірге Жаңадарияның сол жақ беті, Бесарық ауылынан батысқа бет алып тартып келеміз.
Археолог – ғалымдар баға жетпес байлыққа кенелген, сәтті сапар болды, – деп бағалаған, Дөкей Әбдікерімұлы жазған сапардың қорытынды анықтамасында біз топырағын басып жүрген жердің әр төбесі тарихты бауырына бүгіп жатқандығын анықтап бергендей.
Тазтөбе (Жұмабай) қалашығы
Бесарық ауылынан оңтүстік–батысқа қарай 10 км, Қоғалыкөл ауылынан оңтүстік–шығысқа қарай 15 км шамасында Жаңадарияның сол жағалауынан біршама жерде орналасқан. Географиялық координаттары: С.44º43'46,18''; Ш.65º11.'59,74'', теңіз деңгейінен биіктігі т.д.б. 123 м.
Қорғаншы қалашығы
VІ-Х ғғ. Бесарық ауылынан оңтүстік–батысқа қарай 28 км, Қоғалыкөл ауылынан оңтүстік–шығысқа қарай 20 км жерде, көне арнаның оң жағалауында орналасқан. Географиялық координаттары: С.44º35'46,23''; Ш.65º04'58'', теңіз деңгейінен биіктігі т.д.б. 120 м. Сыртында қорғаныс қабырғасы бар ұзын қорғанды қала орны. Жалпы аумағы 8 га шамасында. Орта тұста орналасқан цитаделінің көлемі 65х75 м, биіктігі 2-2,5 м. Төрт бұрышында төрт мұнараның орны байқалады. Қақпасы оңтүстік шетінде. Қаланың ұзын қорғанының ішіндегі аймақта қыш ыдыстардың ұсақ сынықтары өте көп кездеседі. Арасында диірмен тастар мен темір шлақтары да бар. Сырлы ыдыстың сынықтары сирек және ұсақ ыдыстардың сынықтары. Оңтүстік–шығыс бұрышында салынған барлау шұңқырынан көзешарықта жасалған қыш ыдыстардың сынықтары, темір қорытпасы, қазанның, шығыр құмырасының, табаның, т.б. көптеген ыдыстардың темір қорытпасы, ыдыстардың бөліктері табылды.
Мыңшоқы қалашығы
Х-ХІV ғғ. Бесарық ауылынан оңтүстік–батысқа қарай 18 км, Қорғаншы қалашығынан солтүстік–батысқа қарай 8 км жерде орналасқан. Географиялық координаттары: С.44º37'04,25''; Ш.65º10.'31,71'', теңіз деңгейінен биіктігі т.д.б. 123 м. Төрткүл түріндегі қалашықтың көлемі 90х90 м, мәдени қабатының биіктігі 0,5-0,8 м. Бұрын белгісіз болып келген. Үстінен табылған қыш ыдыстар мен бірнеше мыс бақырлар, қол айна, моншақтар қалашықтың жоғарғы қабатының ХІV ғасырға жататынын білдіреді.
Елбасы Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыруға» жол ашып отырған жақсы іс жастармен жалғасын табу үшін кейінгі ұрпаққа жеткізе біліп, оны сақтау, зерттеу жұмысын жалғастырар деген үмітпен аз-кем әңгіме еттік.

Ж.БАЙЗАҚҰЛЫ,
Сырдария ауданы





























20 маусым 2018 ж. 1 490 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2022    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области