Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » ЕЛ ІШІ – ӨНЕР КЕНІШІ

ЕЛ ІШІ – ӨНЕР КЕНІШІ

Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Халқымыздың ұлттық салт - дәстүрлеріміз бен тіліміз, музыкамыз бен жоралғыларымыз бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуы тиіс» - деген болатын.
Ұлттық жаңғыру, рухани жаңғыру дегеннің өзі ұлттық сананың кемелденуін білдіреді. Біріншіден ұлттық сана-сезімнің көкжиегін кеңейту болса, екіншіден ұлттық болмыстың өзегін сақтау. Ұлттық болмыстың өзегі дегеніміз – ол біздің төл өнеріміз, мәдениетіміз.
«Елі іші-өнер кеніші» дейді дана қазақ. Осы орайда ел арасында жүрген өнерпаздар туралы айтпақпыз.
Жастайынан өнерге жаны жақын, сол жолда жарғақ құлағы жастыққа тимей жүретін жандар болады. Біз әңгіме еткелі отырған ауылдық клуб меңгерушісі Күнханыс Көшерова осындай жандар санатынан. Кішкентай ауылдың іс-шараларын, мерекелерін көңілді әрі қызықты етіп өткізу осы клуб меңгерушісінің мойнында. Ауылдың өнерлі жастарының басын қосып, бағыт-бағдар беріп, концерттік бағдарламалар дайындап жүретін оған тыным болмайды.
Себебі, ол өнер саласына кездейсоқ келе салған жоқ. Жастайынан ән-жырға әуес болып өскен оның бала күнгі арманы ән айтып, терме орындау еді. Сол өнер жолына түсіп, көзге түсуіне ауылдастарының өнерін бағалап, қолдауы себеп болды. Бойжеткен шағынан бері талай додалы сайыстарға қатысып, бақ сынап, жүлделі орындарды иеленіп жүрген өнер иесі Сәкен Сейфулиннің «Ақсақ киік», ақын Жақсыкелді Сейіловтің, сазгер Кәкімбек Салықовтың өлеңіне жазылған «Жез киік», Ілия Жақановтың «Жайлаукөл кештері» әндерін домбырамен шырқап, көптің ықыласына бөлене бастады.
Естен кетпес жалындап тұрған жастық кезеңінде, 1979 жылы Күнханыс ауылдың өнерге жақын өрелі жастарының басын қосып, «Жас талап» ансамблін құрды. Ансамбльдің жетекшісі Ержан Акронов болды. Ал, бас гитарада-Темірбек Құлманбетов, соль гитарада Райхан Сералиев ойнаса, барабанда Жеткерген Жұмабаев отырды. Сондай-ақ, Камила Жолмырзаева, Мақат Тасқараев, Әмірхан Кенжебаев, Айбала Қарсақбаева сынды әншілер тобы ансамбльді жандандырды. Олар тек ауылдастарын ән-жырға ғана бөлеп қоймай, өзге де елді мекендерге барып, өнерлерін ортаға салып, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.
«Өнерлі өрге жүзер» деп бекер айтылмаса керек. Ансамбльдің дүрілдеп тұрған уақытында өнерлі қыз облыстық радио-телевидениеге шығып, ән, терме-жыр айтып, көптің көңілінен шығып жүрді. Бір жағынан, аудандық Қазанғап атындағы ұлт-аспаптар оркестріне домбырашы болып қатысып, 1982 жылы арнайы жолдамамен Жетісай мәдени-ағарту училищесіне халық аспаптар бөлімі бойынша оқуға түсті. Студенттік шағында Жетісайда өткен, сол жылдары ол осы қаланың іргесіндегі Ташкенттің «Замандас» атты қазақ тіліндегі телебағдарламасында талай рет домбыра әуенімен қосыла сол жақтың ежелгі әндерін шырқаған. Сонда тұрып жатырған қандастарымыз ертеңіне мұны іздеп шарқ ұрыпты. Қайтсін, бұл елді, атамекенді аңсаған ағайындардың қарекеті ғой. Негізінен, Күнханыс Нұртуған, Базар жырау, Әбілхан Махановтың, Бекұзақ Тәңірбергеновтің Арал өңіріне танымал термелерін тамылжыта орындайды. Әсіресе, Отан, туған жер, ана мен бала туралы әндерді орындағанда, ауылдастары ұйып тыңдайды. Кейіпкеріміз ойын былайша өрнектеді:
– Менің мәдениет саласына түбегейлі бет бұруыма сол кездегі аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі, марқұм Құдайберген Жасекеновтің ықпалы зор болды. Ол кісі өнердің қасиетті табалдырығын аттаған жастардың жанашыры болатын. Әрдайым бізге рухани күш-қуат беріп, тіпті, кейде қол көмегін де аямайтын. Сондай-ақ, техникумда оқып жүрген жылдары алғаш рет үлкен сахналарға шығуыма себеп болған, бір кездері айтыстың «ақтаңгері» атанған Сыр бойының сөз серкесі, Қазақстанның халық ақыны Манап Көкеновтің баласы, өзі де танымал айтыскер болған Әбдікәрім Манапов еді. Бұл азаматпен талай рет сахналарда бірге өнер көрсеттік. Өмір жолдары өнегелі, адамгершілік қасиеттері жоғары екі кісіге алғысым шексіз.
Міне, қазақтың халық әндерін репертуарының алтын қазығына балайтын Күнханыстың бір салада қызмет жасап келе жатырғанына 32 жыл уақыт өтіпті. Ұзақ жылдар бойы ауылдағы клубты абыройлы басқарып келе жатырған өз саласының майталманы көптеген «Алғыс хаттармен» марапатталды.
«Шәкіртсіз ұстаз-тұл» дегендей, Көшерова Күнханыстың өнерге баулып жүрген дарынды шәкірттерінің алды үлкен сахналарда ән шырқап жүр. Кейінгі буын облыстық, аудандық сайыстың жүлдегерлері атанып, мерейін үстем етіп жүр. Туған ауылын әнге бөлеп жүрген жанның жетістігін осыдан-ақ бағамдауға болады.

Арал ауданы
19 маусым 2018 ж. 131 0

Саясат

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2018    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области