Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » ТАРИХТАН ТАҒЫЛЫМ – ӨТКЕНГЕ ТАҒЗЫМ

ТАРИХТАН ТАҒЫЛЫМ – ӨТКЕНГЕ ТАҒЗЫМ

Қызылорда қаласындағы тарихи орындардың бірі – ашаршылық және саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткіш. Аталған ескерткіштің қайта жаңғыртудан өткені мәлім. Былтырғы жылы барлығымыз бас иетін бұл орындағы мемориалды жаңартуға жергілікті бюджеттен қаржы бөлініп, жоба бойынша  шағын аллея мен арнайы тағзым ететін орындар салынды.
  Осы жаңарған мемориалдық ескерткіш жанында «Азалы тарихқа тағзым» атты митинг өткені де әлі есте. Оған Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова, аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев қатысып, зобалаң жылдары 3 миллионнан астам адамның саяси қуғын-сүргін және ашаршылықтың құрбаны болғанын атап өтті.
  Мемлекттік хатшы сонда Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы: «Өткен ХХ ғасыр халқымыз үшін қасіретке толы, зобалаң да зұлмат ғасыр болды. Біріншіден, ұлттық дамудың ықылым заманнан жалғасып келе жатқан өзімізге ғана тән жол біржола күйретіліп, қоғамдық құрылымның бізге жат үлгісі еріксіз таңылды. Екіншіден, ұлтымызға адам айтқысыз демографиялық соққы жасалды. Оның жарасы бір ғасырдан бері әлі жазылмай келеді. Үшіншіден, қазақтың тілі мен мәдениеті құрдымға кете жаздады. Төртіншіден, еліміздің көптеген өңірлері экологиялық апат аймақтарына айналды», − деген сөзін атап көрсетті. Иә, өткен ғасырда қазақ халқы басынан талай-талай нәубетті өткізді...
  ХХ ғасырдың басында талайды сарсаңға салып, қасірет шектірген саяси қуғын-сүргін құрбандарын соңғы 20 жылдан бері еске алып келеміз. Өткен жылы қасіретті зұлматқа 80 жыл толды. Ал атаулы күн елімізде Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 1997 жылдан басталды.
  31 мамыр Қазақстан халқы үшін айрықша мағынаға ие. «Халық жауларын» анықтау бойынша қатаң саясаттың салдарынан қуғын-сүргінге ұшырағандардың өздері ғана емес, олардың жақындары да зардап шеккенін тарихшыларымыз бен жазушыларымыз азаттық алғаннан бері жазып келеді.
  Сол кезеңде Қазақстанда 103 мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшыраған, 25 мыңнан астамы ату жазасына кесілді. Олардың арасында қазақ зиялылары: ғалымдар, мәдениет және саясат саласының қайраткерлері болды.
  Кеңестік билік жергілікті тұрғындардың ұлттық ерекшеліктері мен мүдделерін қорғаушыларға, ұлттық автономия құру идеясын қолдаушыларға «тап жаулары», «ұлтшылдар», «жат пікірдегілер», «әлеуметтік қауіпті элементтер» деген жала жабылып, халықтың да оларға деген теріс көзқарастарын қалыптастыруға жағдай жасады.
  Халықтың қамын жеген ұлт қайраткерлерінен сескенген тоталитарлық билік өкілдері тығырықтан шығар жолды іздеді. 1925 жылы қыркүйекте Қазақстанға басшылық қызметке Ф.Голощекиннің келуі елде орын алып отырған жағдайды одан бетер ушықтырды. Ол Қазақстанды кеңестік өзгерістерден тыс қалған деп санап, онда «Кіші Қазан» төңкерісін жүргізу саясатын ұстанды.
  Оның жүргізген саясаты ұлт зиялыларын жаппай қуғындауға ұласты. Голощекин өзіне қарсы шыққандарды қызметтерінен алып, республикадан қуды, олардың көзін жоюды қолға алды. Осылайша, саяси қуғын-сүргін Қазақстанда 1928 жылдың ортасынан Алаш қозғалысы қатысқан қайраткерлерді тұтқындаудан басталды.
  Оларға «буржуазияшыл-ұлтшыл» деген айып тағылды. Олар әртүрлі мерзімге түрмеге қамалды, ату жазасына кесілді, еріксіз жер аударылды. Ұлт қайраткерлеріне негізінен КСРО-ны құлату үшін жасырын контрреволюциялық ұйымдар құрды деген заңсыз жала жабылды. Сонымен қатар молдалар мен діндарларды «басқаша, бөтен ойлайтындар» деп айыптады.
  Деректерге сенсек, 1920 жылдың басынан бастап-ақ «контрреволюциялық» немесе «антисоветтік» іс-әрекеті үшін 6 айдан жоғары мерзіммен бас бостандығынан айыру жазасы белгіленген. «Ал, 1930 жылы РКФСР Қылмыстық кодексінің 58-10 бабымен 10 жылға сотталғандар саны миллионға жетіп, ГУЛАГ-тағы тұтқындар 25 пайызды құраған. Осы баппен сотталғандар түрмелер мен еңбекпен түзету лагерлерінде «агитатор» деген атты иеленген», - деп жазады ол. Жалпы, тарихи деректерге қарағанда, 1921-1954 жылдары аралығында КСРО-да «контрреволюциялық» немесе «антисоветтік» деген жаламен 3 миллион 777 мың адам сотталса, олардың 642 мыңы ату жазасына кесілген екен.
  Айта кетерлігі, дәл осы күні Қазақстанда ашарлықта қаза тапқандарды да еске алу күні ретінде аталып өтіледі. 1920 жылдардың соңында және 1932-1933 жылдар аралығында қасақана ұйымдастырылған жасанды зауалдан, әсіресе Қазақ халқы қатты зардап шекті. Мұны 2012 жылы елордада «1932-1933 жылдардағы ашаршылық құрбандарының рухына тағзым» монументалды сәулетті көркем композициясының салтанатты ашылу рәсімінде Елбасы баса айтқан болатын. «Кеңес Одағы аумағындағы 1932-1933 жылдары болған ашаршылық адамзат тарихындағы ең қасіретті кезеңдердің бірі еді.
  Сол кездерде Қазақстанда ғана емес Ресей, Украина, Беларусь жерлерін қамтыған алапат ашаршылық 7 млн. адамның өмірін жалмады. Қазақ сондағы жасанды зауалдан ең қатты зардап шеккен халықтың бірі еді», - деген еді Мемлекет басшысы.
  Тек 1932-1933 жылдары ең кемі 1,5 млн. қазақ аштықтан ажал құшқан. Дегенмен бұл деректерді әлі де тыңғылықты зерттеу керек. Өйткені, ол кездегі есептерді басшылар өз пайдасына орай бұрмалап берген. Ал аман қалған қандастарымыздың тағы да 200 мыңы босып, басқа мемлекеттерге көшіп кетті.
  Сол жылдары нәубетке шарпылмаған, аштық тауқыметін тартпаған қазақ қалған жоқ. Кейбір ауылдар түгелімен жоқ болып кетті. Мұның барлығы сол кездегі кеңестік биліктің тоталитарлық саясатының қолдан жасаған зұлматы еді.
  Ашаршылықтың алдындағы тіркелу, ұйымдастыру науқандары талай дәуірден бері қапысыз қалыптасқан көшпелі қазақтың шаруашылығын шайқап, тіршілік қалыбын бұзды. Соның салдарынан қазақ халқы ашаршылыққа дейінгі санына 1970 жылдары ғана әрең қол жеткізді.
  Деректерге сенсек, жазықсыз саясаттың құрбандығына шалынғандар саны аз ғана уақыттың ішінде 118 мыңға жетіп, олардың 25 мыңдайы НКВД «үштігінің» шешімімен атылған.
  Қазақ жұртының басындағы ашаршылық пен қуғын-сүргін, яғни ел басындағы нәубет Сыр бойы тұрғындарын да айналып өткен жоқ. Қолда бар мәліметтерге қарағанда, сол бір ауыр кезеңде Қызылорда облысы бойынша 4 мыңнан астам отбасы қуғынға ұшыраған. 1153 адам атылған. Тарихшылардың айтуынша, бұған қоса, саяси қуғын-сүргін бел алған зұлмат заманда біздің халқымыздың төрттен бірі бас сауғалап шетелдерге көшкен.
  Елде қалған ардақтыларымыз атылды, айдалды, түрмелерге қамалды, ар-намыстары тапталды. Бұл өткен ғасырдың 20-30 жылдары кеңестік кезеңнің алғашқы ширегінде орнаған әкімшіл-әміршіл жүйе тудырған ақылға сыймайтын, бір жағынан саяси әлімжеттіктің, екінші жағынан, қорғансыздықтың көрінісі болатын. Сол заманның оқиғаларын есте сақтау бүгінгі ұрпақ үшін қасиетті парыз.
  Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев мемориалдың ашылуында атап өткендей, «ХХ ғасырдағы саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық – мыңдаған жазықсыз адамдардың қаны мен көзінің жасына суарылған тарихымыздың шерлі беттері.
  Облыс орталығындағы «Арай шағын ауданындағы ашаршылық және саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткіш тұрған төбе – сол кездегі қанды қырғынның куәсі.


Шәрібай ТОБЖАНОВ,
Облыстық мемлекеттік архивінің қызметкері

29 мамыр 2018 ж. 1 323 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2022    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области