Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » МАЛ БАҚҚАНҒА БІТЕДІ

МАЛ БАҚҚАНҒА БІТЕДІ

Қожакент ауылдық округі пилоттық жобаға енгеннен бастап жұмысы жүйелене түсті. Мал бордақылау, мал басын асылдандыруды кәсіп еткен заңды тұлғалар мен шаруа қожалықтар кооперативке бірігіп, шағын және орта бизнестің сапасын арттырды. Оның ішінде «Миялы» өндірістік кооперативі мал бордақылау бағытында байыпты қадам жасап, істің берекесін келтіруде. Он екі шаруа қожалық пен 63 отбасының мал бордақылау алаңын біріктірген кооперативдің бүгінгі жұмысынан мол тәжірибе алуға болады. Әсіресе, «Отбасылық мал бордақылау» бизнес-жобасын жасап, жұмысын бастағандардың тірлігі тиянақты. Оған жуырда Жәнібек Бегімбетовтың шаңырағына барғанда куә болдық.
   Ата кәсібі саналатын мал бордақылау алаңын құрып, жұмысын жүйелей бастаған оның қожалығындағы тыныс-тіршілігімен танысып қайтқан едік. Кооператив құрамына қосылған кәсіпкер ірі қараны семіртіп, сату ісін қолға алыпты. Бастамасы жаман емес дейді кәсіп иесі. Уақытпен санаспайтын еңбек адамы біз барғанда алдымен қонақжайлық танытып, төрін ұсынды. Уақыт тығыз болғандықтан бірден қораға адымдадық. «Береке» шаруақожалығының төрағасы 20-ға жуық сиыр мен жылқы малын асырап отыр.
  – Кооператив құрамына еніп, «Нәтижелі жұмыспен қамту 2020» бағдарламасы аясында «Ауылшаруашылығын қолдау қорынан» 3,5 млн. теңге алып, 24 бас сиыр сатып алудан бастадым. Бүгінде төртінші айналымда ірі қараның қоңдылығын арттырудамын. Жалпы, бұл бағдарламаның тиімділігі өте көп екеніне көзім жетті. Алты пайыз деген шағын қожалықтардың қалтасына салмақ болмайды, қайта шаруасын ширата түседі. Сондықтан, қолда бар мүмкіндікті пайдалана білген абзалырақ болады, – деді Жәнібек Әбітайұлы.
Сиыр мен жылқының ебін білген еңбекқор азамат малды бордақылап, ет бағытында нарыққа шығарады. Әрі тұтынушылары да қалыптасыпты. Ол алдағы уақытта мал басын көбейтіп, әсіресе асыл тұқымды бұқа мен жылқы малын асылдандыру ойда барын да жасырмады.
– Жылқы етіне сұраныс жоғары, ал сиырға сұраныс қалай?
  – Шыны керек, қазір жылқының құны жоғары. Дегенмен, сүт бағытындағы сиыр мен асыл тұқымды өгіздерге сұраныс өте жоғары. Сиыр етін сатып алушылар көбіне Қызылорда мен Түркістаннан келеді. Сапалы өнім болған соң, тұтынушылардың да көзқарасы оң. Оның себебі, отбасылық мал бордақылау алаңында еркек мал табиғи жем-шөптен жоғары қондылыққа дейін семіреді. Ал, сүтті сиырлардың сұранысы бөлек болады, – деді кооператив мүшесі.
  Кәсіп иесінің сөзінше, мал жарақты болу үшін қоражай жылы, азығы құнарлы, бір сөзбен айтқанда, ірі қараның тамағы тоқ болса болғаны. Сонда ғана мол өнімге қол жеткізуге болады. Сондықтан, азаннан кешке дейін қора-қопсыны тазалап, уақытылы азықтандырып тұратын қожакенттік тұрғын бала-шағасын бейнет-сүйгіштікке баулып келеді. Әке тәрбиесін жақсы алған ол жылқыларды да баптап отыр. Жемін сатып алып, шөбін өздері дайындайтын қожалық қазір отбасымен бірге күн-түн демей несиеге алған сиырларын күтіп бағуда.
  – Өзім бала кезімнен төрт түлікке құмармын. Яғни, бала кезден бұл істің қыр-сырын жетік меңгергенмін. Сондықтан, бейнеті көп кәсіпті таңдап алғаныма өкінбеймін. Ең бастысы, айналысып жүрген кәсібім өзіме ұнайды. Мал баққанға ғана бітеді демекші, берекелі кәсіптің шырайын келтіргеніме шүкір, – деді ол. Бүгінде ұл-қыз тәрбиелеп отырған отағасының жары мектеп қабырғасында бала тәрбиелейтін ұстаз. Жалпы, Жәнібектен бөлек кооператив мүшесіне енгендер алдағы уақытта мал сою бекеті қызметін бастайды. Сүт өңдейтін зауыт іске қосылса онда шаруалардың еңбегі еселене түсетін болады.
  – Ауылда мал шаруашылығының қарқыны күшті. Азаматтар атакәсіпті қайта жандандыруға ниетті. Бір жағынан мал шаруашылығын дамытуға мемлекет басымдық беріп отыр. Мұндай мүмкіндікті тиімді пайдаланған тұрғындар төрт түлікті көбейтіп қана қоймай, ет, сүт бағытындағы экологиялық таза өнімді нарыққа шығаруды жоспарлауда. Әсіресе, кооператив жұмысы көпке үлгі болып келеді. Бұл бағдарламаның тиімділігі ауылдағы жұмыссыз жүрген жігіттердің өзін-өзі жұмыспен қамтып, азаматтық жауапкершілігін арттыруға септігін тигізгені дұрыс болды. Ал, Жәнібектің іскерлігі жастарға тәрбие берері анық, – деді ауыл әкімі Асылбек Айтжанов.
  Шыны керек, отбасылық бизнестің озық үлгісін көрсетіп қана қоймай, ауылдағы ауызбіршіліктің туын тіктеген қожакенттіктердің біріге еңбек етуіне де куә болдық.
P.S.: Жаңақорғанда тіректі ауылдағы жұмыстардың жүйелілігі ауылдың әлеуетін арттыруға сеп болып отыр. Бірлігі бекем Бірлік пен қонақжай Қожакент ауылының шағын және орта кәсіпкерлікті дамытудағы еңбекқорлығы өзгелерге үлгі десек болады...

Әли ТЕМІРБЕК.

13 мамыр 2018 ж. 47 0

Саясат

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2018    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области