Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » ҚАЙРАН, БІЗДІҢ АРУ АНАЛАР...

ҚАЙРАН, БІЗДІҢ АРУ АНАЛАР...

Өткен XX ғасырдағы ең сұрапыл соғыс – Ұлы Отан соғысының қияметін аналарымыз да тартты. Ұрыс даласында Отан үшін кеудесін оққа тосып, кескілескен шайқаста ауыр жарақаттанып, өлі мен тірі арасында жатқан жаралы жауынгерлерді арқалап, оларды тірі алып қалуға атсалысқан кеңестік әйел азаматтардың арасында қазалылық бойжеткен Шұға Бегалиев да болды.
  Өкініштісі, Жеңісті жақындатуға жанкештілікпен үлес қосқан қарапайым қазақ қызы майданнан қайтарда құжаттары салынған жол дорбасын жоғалтып алады. Осылайша, ол өмір бойы соғысқа қатысқанын дәлелдей алмай кетті.
Кешегі 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы кезінде ел мен жерді азат ету жолында жаумен арыстанша алысқан ер-азаматтарымызбен бірге қазақтың қыз-келіншектері, оның ішінде Сыр өңірінің әйелдері де бейбіт күнге жетуімізге өз үлестерін қосты. Елде қалған әйелдер мен қыз-келіншектер майданға аттанған азаматтардың орнын басып, алғашқы күннен аянбай еңбек еткеннен өзге, соғысқа сұранып, тікелей соғыс операциялары жүріп жатқан ұрыс даласынан жаралы жауынгерлерді жинаған, оларға ғұмыр сыйлаған медбике-санитарлар қаншама?
  Солардың бірі менің үлкен енем Шұға Бегалиева болатын. Ол әңгімесін:
  – Маған мұны айтуға оңай емес. Өйткені, көздері жаутаңдап, өліммен арпалысып қиналып жатқан жаралы жауынгердің ыңырсыған жан қиналысы әлі күнге құлағымнан кетпейді, - деп бастайтын еді. Немере-шөберелерге естелік айтса сонау соғыс жылдарындағы қиын күндерін қиналыспен еске түсіретін.
  Жас өмірінің ойран-ботқасын шығарған сұм соғыс жайлы Тұрмағамбет ауылындағы №29 қазақ орта мектебі оқушылар арасында болатын кездесулерде де өз басынан өткен қиындықтары туралы айтып, сөзін «енді соғыс болмасын» деп аяқтайтын. Тыңдаушылары да кейуананың бетіндегі әрбір әжімнің қатпарынан соғыс салған жараның жазылмас уын көргендей қиналатын.
  Оның суалған жанары ысқырған оқ пен оттың ортасында қалып, өмірі сөніп бара жатқан жауынгерлерге ғұмыр сыйлаған бір кездегі боталы жанар екенін іштей ұғынта күрсінтетін. «Енді сендердің сол ата-апаларыңның қанымен келген бейбіт өмірлерің ұзағынан болып, сәбилер мезгілсіз ұйқысынан оянбасыншы!» деп тарам-тарам тамырлы қолдарын жайып батасын беретін.
  Қабағы бұлттай дірілдеп, ауылда жүрген албырт та талдырмаш қыз сұм соғысқа қатысып, жаралы жауынгер салған ауыр зембілді қалай ғана көтерді десеңізші?!
  Мен 2014 жылы 96 жасында дүниеден озған Тұрмағамбет ауылының тұрғыны, майдангер қария, отбасының алтын қазығы бола білген үлкен енем Бегалиев Шұға туралы айтып отырмын.
  Ол 1918 жылы 1 қарашада Қазалы ауданы Сартоғай ауылы (сол кездегі Сталин колхозында) дүниеге келіпті. Оның балалық шағы дүрбелең заманға тап келген. Елде төңкеріс болып, ақ пен қызылдың арпалысып жатқан шағы. Жасынан содыр заманның қилы-қилы қиындықтарын бастан кешеді.
  1930 жылдардың басында елімізде жаппай сауаттандыру мектептері ашылғаны мәлім. Таршылық уақыттың қыспағында өсіп келе жатқан бұйығы ауылда туған қазақ қызы 1934 жылы жетіжылдық мектеп ашылғанда сонда білім алады. Оны аяқтаған сон сол жетіжылдық біліммен туған ауылында пионер, комсомол ұйымдарында және ауылда хатшылық жұмыстар атқарады.
  1941 жылы соғыс басталғанда ол 23 жаста еді. Батыл қыз өз еркімен сұранып әуелі соғыс жүріп жатқан Россия жеріне қара жұмысқа алынады. Оны қара жұмыс қажыта алмайды. Қайсар бойжеткен елінен жырақта жүріп 1942 жылы тағы да соғысқа баруға сұранады.
  Бұл жолы ол тура кескеліескен шайқас жүріп жатқан майдан даласына аттанады. Алдымен Сталинград қаласында аз уақыт медбике мамандығын меңгереді. Сонан соң ол Сталинград госпиталында жарылыларға көмек көрсетеді. Одан соң шығыс майданынан Гурьевтегі госпитльға жаралы солдаттарды тасып, жолда қанша қишылықтар кездессе де мойымайды.
  1943 жылы Украина жеріндегі Аргада қаласындағы госпитальда санитар болады. Жауған оқтың астында дала госпитальдарында да болып, жаралы жауынгерлерге медициналық жәрдем көрсетіп, қаншама жауынгерді өлімнен алып қалады. Өзінің айтуынша, жігері жасымаған жас фельдшер бірде жаралылардың жарасын таңып, зембіл көтеріп жүргенінде өзі де басынан жараланып, госпитальда түседі. Қайтпас қайсар өжет қыз емделіп шықан соң қарша бораған оқтың астына қайта кіреді.
  Менің ойымша, майдангер Шұға Бегалиева халықаралық «Қызыл Крест» Комитетінің «Флоренс Найтингейль» атындағы медалімен марапатталуы бек мүмкін. Алайда, майданнан қайтар жолда ол құжаттары мен медальдері салынған жол қапшығын жоғалтып алып, өмірінің соңына дейін өзінің соғыс барысында жауынгерлерге медициналық көмек көрсеткенін билікке дәлелдей алмай кетті.
  Сонымен, 1944 жылы Рязаньға жіберіліп, бір состав неміс, бір состав запастағы солдат, бір состав жұмысшы батальоны болып, бұзылған қалаларды қалпына келтірудегі ауыр жұмыстарға араласады.
  Әжем «Жеңісті біз 1945 жылы 8 майда Мурманскіде қарсы алдық» деп отыратын. Туған жерге 1945 жылы тамыз айында оралыпты. Ауылға келген соң да бейбіт өмірде еңбек майданының бел ортасында болып, еңбек ардагері атанды. Бақытты ғұмыр кешіп, ұрпақтарына ғибартты тәрбие берді.
  Ш.Бегалиева соғыста алған орден, медаль, марапаттауларын елге қайтып келе жатқанымда жоғалтып алғанына өзі өте ренжитін еді. Бірақ әжемнің айтқан майдан жайлы деректерінің өзі сол марапаттауларының дәлелі еді ғой, - деп біз марқаятынбыз.
  «Өзі жоқ арнасында шаңы қалды,
  Дала мен жал төгіліп шапқан өзен,» - деп ақын жырлағандай бұл күнде өзендей тасып, артында естелігі қалған марқұм әжемді сағынышпен күрсіне еске аламын.

Нұргүл РЫСБАЕВА,
немере келіні
Қапшағай қаласы

04 мамыр 2018 ж. 337 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области