Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » ЕРЛІККЕ ТАҒЗЫМ

ЕРЛІККЕ ТАҒЗЫМ

Жеңіс күні жақындаған сайын ардагер аталарымыздың даңқты ерлік жолы бүгінгі ұрпақ санасында серпін беріп, өз Отанын сүйе білетін отты жүректің отын маздатып ерлік істерін мақтан етуде. Күркіреген күндей, отты найзағайы мен әлемді шарпыған 1418 күн мен түнге созылған қанды қырғынның аяқталғанына, Жеңіс туының желбірегеніне, Бақытты таң арайының нұрлы шапағына бөлегеніне 70 жыл. Халқымызға өмірлік сын болған Ұлы Отан соғысы жылдарында ауданымыздың көптеген азаматтары ел қорғауға аттанды. Олардың көпшілігі буыны бекімеген бұғанасы қатпаған жастар еді. Өмірінің ең тәтті жастық қызықты кезеңдерін майдан даласында қар жастанып, мұз құрсанып, оқ пен оттың астында өткізді. Бір ғана мақсатпен: «Отан үшін Алға ....» деп аттанған жаужүрек бабаларға тағзым дегім келеді. Осындай майдангер әкелеріміздің сапында менің атам Ерекешов Мұханбетқали әкеміз де бар еді. Менің атам 1926 жылы бұрынғы №10 ауыл, Ленин атындағы кеңшарда, қазіргі Тұрмағамбет ауылында дүниеге келген. Бала күнінен өте зерек болып өсіп, 1934 – 1941 жылдары Ленин атындағы жеті жылдық мектепті оқып бітіреді. 1936 жылы пионер қатарына қабылданады. «Сол кездегі пионер вожатый Ешов Алтынбек деген ағай еді, мойныма қызыл галстук тағып, сондағы әкемнің қуанғаны есімнен кетпейді» - деп асыл атам көзіне жас алып, балалығына ой жүгіртіп отыратын.
Кейін Ақжар ұжшарында колхозшы болып, қызмет істеген. 1944 жылы майданға шақырылып, әскер қатарына алынды. Орысша сауаттылығы, жазу сауаттылығы ескеріліп рота, батальон, полкта писарь, старший писарь, іс – жүргізуші қызметтерін атқарып, іс – құжаттар толтыруда мүлтіксіз орындау жауапкершілігіне ие болады. 1946 жылы Комсомол мүшелігіне алынады. 1944 жылы әскерге алынып, елге 1950 жылы оралады. 1947 жылы әскер қатарында жүріп КПСС мүшелігіне кандидат болып, 1949 жылы СОКП мүшесі Коммунистік партия қатарына алынады. Қай істе де өзіне жауапкершілік сенім жүгін арқалап, халықтың құрметіне бөленеді. 1950 жылы әскер қатарынан босап, ауылға келгеннен кейін Сталин атындағы ұжшарда есепші және партия ұйымының хатшысы болып жұмыс істейді. 1950 – 1951 жылдары ҚКП (б) аудандық комитетінде техникалық хатшы нұсқаушы болады. Аудандық әлеуметтік қорғау бөлімінде аға инспектор, Ленин тұтынушылар қоғамында есепші, ауылдық кеңестің төрағасы қызметтерін атқарады. 1953 – 1954 жылдар аралығында Сталин атындағы ұжшарда бастауыш партия ұйымының хатшысы болып қызмет атқарады. 1954 – 1993 жылдар аралығында кеңшарда бас есепші қызметін абыроймен атқарды. Қандай істе де адалдық пен парасатты ар жүгін иығынан түсірмеді.
КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының жарлығымен соғысқа қатысқаны үшін «Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» медалімен, 1948 жылы 22 ақпанда Совет армиясы мен флотының ХХХ жылдық медалімен, КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының жарлығымен 1975 жылы «Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 30 жыл» мерекелік медалімен, 1985 жылы 12 сәуірде «Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 40 жыл» мерекелік медалімен, «Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 50 жыл» мерекелік медалімен марапатталады. Отан соғысы орденінің ІІ дәрежелі иегері. Жауапты істі жалау етіп отбасында 4 ұл, 3 қыз тәрбиелеп, өрісін кеңге жайған өркенді, өнегелі әулеттің іргесін қалады. Бұл күде балалары ел үшін қалтқысыз қызмет етіп жүрген жандар. Артында ұялтпайтын ұрпақ өсірді. Кеудесі қазынаға толы ардақты асыл атамды мақтан етемін. Әр сәтте өнегелі ісімен, әдемі тәрбиелі әңгімесі жадымда жаңғырады. Әр баласын байлығым деп бағалаған қазынамыз ардақты атамның өмірден озғанына 8 жыл болды. Халқына қалаулы, үлкенге ізеті мол іні болған, кішіге құрмет тұтар аға болған, ұрпаққа қазыналы әке болған менің атам ел қадірлісі еді.
Қазір балаларының бақытына бөленіп, әр баласының қуанышына мақтанып ортамызда Назгүл әжеміз отыр. Асыл атадан өнегелі ғибратты ұғымдар, маржан сөздер, тамаша істер жадымда жатталып қалды. Мен осындай керемет атаға келін болғанымды, өнегесін көргенімді, тәрбиесінде болғанымды мақтан етемін. Қанды қырғын майдан даласында да, бейбіт өмірде де еселі еңбегімен тау тұлғалы үлкен парасат иесі ардақты атама Ұлы Жеңіс мерекесінде мың мәрте «Ілтипат асыл әке» дегім келеді.

Келіні Зарипа ЖАППАРҚЫЗЫ,
Қармақшы ауданы, Тұрмағамбет ауылы
30 сәуір 2018 ж. 500 0
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области