Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » МЕН БІР АҚҚУ ЖАРАЛЫ...

МЕН БІР АҚҚУ ЖАРАЛЫ...

Өңешіме өксік тығылып, жанарыма жас жиналған күндері «Алланың адамдарды сынап қоятыны несі?!» деп өзді-өзімнен бір күрсініп аламын. Бірақ, құр күрсінгенмен көңілдегі кірбің, жүректегі жара, ағзадағы дерт жазылмақ емес. Содан болар үміт жібімнің үзілгендігі... Тек қолымнан келетін қарекет таң бозарып атқаннан қою қараңғылық жер бетін жапқанша Жаратқанға: «Жанарыңды салшы маған!» - деп жалбарыну.
  ...»Топ-томпақ, сүйкімді болатынсың» дейді анам. Сәби шақтарымды есіне алып отырған ол дүние дидарына 12 мүшем аман, денім сау болып келгенімді айтады.
  Бір мың тоғыз жүз жетпіс бірінші жыл. Жасым енді ғана екіге толып, балапандай балбырап, табанымды жерге тигізіп тәй-тәй басып жүрген шақта тағдыр маған тырнағын батырыпты. Бұрын-соңды аурудың не екенін білмейтін мен көз тиюден кемтар болып қала бердім.
  Қос аяғым сол сәулелі сәттен бүгініме дейін жүрусіз қалды. Әрине, бұның барлығын бірден аңғармадық. Анам мен әкем жандарын шүберекке түйіп, мені бауырына қысып бармаған жері, баспаған тауы қалмапты. Бар үміттері көктегі Құдай мен жердегі дәрігерлерде.
  Алайда, абзал жандар бізді сүйінші хабар айтып қуантпады, содан кейін салымыз суға кетіп, еңсеміз тіктелмеген күйі үйімізге оралдық. «Баламның табанына кірген тікен маңдайыма қадалсын» деген ана жүрек бәрібір шыдамады.
  Келесі кезекте мені емші-тәуіптерге сүйреледі. Сергелдеңге түсіп жүрген сондай сәттерде ауылымызға ат басын бұрған белгісіз емші маған көршінің көзі өткендігін айтты. Осыдан кейін жүрегі аузына тығылып, шарасыз күйде шырылдап жүрген анам соңғы уақыттағы орын алған оқиғаны ой елегінен өткізіп әлек.
  Сөйтсем, әруақтарға арнап ас бергенде мен көптің назарына ілініп, маған бөлінген көңіл мен айтылған жылы лебіздерді жүрегіме жақын қабылдаппын. Құран оқытылып, қонақтар тарқағаннан кейін мен де тәлтіректеп ауыра бастаппын. Міне, содан бері мүгедектіктің құрығына түсіп, қоларбаны серік етіп келемін.
  Ғаламат ғұмырды енді танып келе жатқан маған қара жердің құдіретін табаныммен сезінбеу ауыр тиді. Кей сәттері бар күшімді бойыма жинап, өре түрегелгім келеді. Бірақ, матаулы болып қалған қос аяғым икемге келмей, еденге сылқ ете қаламын. Мұндай сәтте анам безгек қағып, балапанын жұбатуға асығады. Қасірет тартып отырған қос жүрек құшақтаса кетіп көз жасқа ерік беретінбіз.
  Анамды аяимын ғой баяғы...Менің жарымжан жағдайым жегенін желім, ішкенін ірін қылды. Өзінің ылғи ауырып жүретініне қарамастан жатырын жарып шыққан жарымжанын жаттың қолына табыстамады. Бақилық болғанша менің ақ дегенімді алғыс, қара дегенімді қарғыс деп отырды.
  Өмірінің соңғы күндері төсек тартып қалған асыл адамым 69 жасында жан тапсырды. Онсызда бүтін емес көңілімнің күлі көкке ұшты. Бірақ, басқа салса баспақшыл емеспіз бе?!
  Анамызды қара жердің қойнауына тапсырдық. Осыдан кейін күйігіме күйік жамалып, бір дертті бір дерт ұлғайтып анам артынан асқар тау әкем де қаза болды.
  Қос аяғым жүрусіз қалса да, анам мен әкемді қос қанатыма теңеп тағдырдың теперішіне төзіп едім. Олар о дүниелік болғанда дүниенің бар жарығы сөніп, мен үшін барлық жол жабылғандай көрінді. Жүрегімдегі жаралар жегі құрттай жанымды жеп, күннен-күнге көңілсіздене бастадым осылай.
   Ішқұса болып, ұнжырғам түсетін сәттер жиі қайталанып тұрды. Бірде көкірек көзіме бір сәуле нұрын сепкендей болды. Теледидардан өзім сияқты арбаға таңылып, тағдырына бойұсынған адамдарды көрдім. Шынымды айтсам, солардың қасына барып, сырым мен мұңымды бөліскім келді. Жер шарында мені түсінетіндер тек тағдырластарым еді.
  Ақыры не керек, Алланың бұйрығымен, өзімнің қалауыммен 1996 жылдың күзінде Қызылорда қаласындағы қарттар мен мүгедектерге арналған интернат үйінің тұрғынына айналдым. Жаңа ортаға түсіп, жаңа өмір бастауға бекіндім. Көз жасымды жұртқа көрсетпей, биіктерге қол созып, белестерді бағындыру үшін тырысып бақтым.
  Анда-санда сезімнен сыр шертіп, қағазым мен қаламымды серік етіп өлең жазатын болдым. Жүрегіме шүкіршіліктің, жақсылықтың дәнін еге бастадым. Осылайша өзіме тиесілі өмірді өзгерткім келді. Жағдайым жамбасыма батып, жүнім жығылып тұрса да Жаратқанға деген сенімімді жоғалтпадым.
  Мүмкін көңіл тереземнің тазарғанын Хақ Тағала ескерген болар. Күндердің бір күні маған да махаббаттың дәмін сездірді. Қарттар мен мүгедектерге арналған интернат үйінде алғашқы махаббатыммен танысып, бал сезімді бастан өткердік. Тіршілік бағы көркейе түсті. Оның әр айтқан сөздеріне қу жаным қуырдақ боп, өзді-өзімнен көңілденіп, арбамды шыр айналдыратынмын.
   Екеуміз бір-бірімізді құлай сүйіп, шынайы жақсы көрдік. Бірақ, мен тағы да сынға ұшырадым. Енді ғана бақыттың дәмін таттым ба деп жүргенде махаббатымды арнаған жан мені тастап мәңгілік ұйқыға кетті. Қазір көңілге медет тұтатыным тәтті естеліктер ғана. Оған деген сағынышымды тек өлең жолдары арқылы жеткізіп, іштей құлазимын. Ең ұлы сезім саналған мендік махаббат осылай тәмамдалған еді.
  47 жыл. Тағдыр шекемнен шертіп, мүгедек еткеніне елу жылға жуық уақыт болыпты. Адам – ең төзімді тіршілік иесі екен ғой дейсің осындайда. Басымнан небір жағдайлар өтіп жатқанда татар дәмім таусылғандай көрінеді.
   Бірақ, сол баяғыша үркек жүректі қолыма ұстап қу тірлікке құлқынсәріден кірісемін. Тірі адам тіршілігін жасайды! Мен басқалардан бөлек болсам да, ойым сергек, ақыл-есім түзу қазақтың қараторы қызымын!
  Өмір – ол жаймашуақ жаздан тұрмайды, арасында қалтыратар қыс та, көңілсіздікке тап қылар күз де болады. Сондықтан осы өмірдің ішінде жүріп жығыласың, жылайсың, аптапқа пісіп, аязға үсемін. Тәңірдің тартуын тынбай тосамын. Жүректі емдер, жаныңа дем берер осы нәрсе. Түн түнегі қонақтағанша Құдайға жалбарынып, үміт мұнарасын күннен-күнге тұрғызамын. Жаралы болған аққу-жанымды осылай емдегім келеді менің...

(Қарттар мен мүгедектерге арналған интернат үйінің тұрғыны К.Маханбетованың кітабын оқығаннан кейін жазылған монолог)
Маржан ҚҰРМАНҒАЛИЕВА,
Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың студенті
28 сәуір 2018 ж. 595 0
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области