Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » ЕСКІРМЕГЕН МАХАББАТ

ЕСКІРМЕГЕН МАХАББАТ

Қалада қашан да қарбалас тірлік. Бір жолы №9 бғаыттағы қоғамдық көлікке жүгіріп міндім де, бір орындықтың жанына барып тұрдым. Кезекті бір аялдамадан жастары 70-тен асқан ата мен әже кірді. Кондуктордың көрсеткен орнына жайғасқан бейтаныс ата жанындағы әжеге бұрылып:
– Келсеңші, мына жерге отыр, - деп қарама-қарсы орындықты меңзеді. Ал әже: –  Ой, жоқ, теріс қарап отырсам, басым айналады,– деп менің жаныма жайғасты. Ата әзілқой, ашық мінезді адам екен. Жан-жағындағыларға шуақ шаша:
  – Е, е, не де болса осы кісі отырсын. Бүгіндікке «ананы алам, мынаны алам» деп базарды түгел шарлап, мені әбден шаршатты. Елу жыл бұрын өзім таңдап алған соң, көнесің. Көнбегенде де қайда барасың? – деп қалжыңдап жатты.
  Автобуста осындай емен-жарқын әңгімені көп ести бермейтін жолаушылармен бірге әже де езу тартты. Сол кезде келесі аялдамадан мінген баласын жетелей ұстаған келіншек атаның жанына барып тұрғаны сол еді, қария балақайды көтеріп алып, алдына отырғызып алды.
  – Қазақ мектебінде оқи ма, әлде орыс мектебінде ме?
  Келіншек:
  – Орыс мектебінде.
  – М-м-м, дұрыс. Бірақ, бала әуелі өз тілін жетік меңгеруі керек. Солай ма?
  Келіншек үнсіз бас изеді.
  Менімен бірге түсуге ыңғайланған әжені жанындағы қария қолынан демеп ұстап, көмектесіп жатыр. Жүрегім елжіреп кетті. Жандарына жақындадым.
– Кешіріңіздер, мен сіздерді суретке түсіріп алайыншы. Кейін «ескірмеген махаббат» деп сіздер жайлы пост жазамын. Өзімнің ата-әжем өмірден өтіп кеткен соң, қарияларды көрсем, жаныма жақын тартып тұрамын, - дедім. Қос қария келісімін «Жарайды, айналайынмен» білдірді. Бірге суретке түскен соң, есімдерін сұрадым.
  – Лиза, Құрман. Отасқанымызға 50 жыл болды. Өзіміз 75-тен асып барамыз, - деп жауап берді. Соңынан: «Бақытты бол, балам» деп жылы қоштасты. Мен кері бұрылып, жатақханаға қарай жол тарттым.
  P.S. Қазіргі қоғамдағы құлақ тұнатын «ажырасу» деген сүйкімсіз сөзден кейін қол ұстасқан жастардан гөрі, тағдыр жүгін бірге арқалап, жұбы жазылмай ғұмыр кешкен қарияларға тамсана қарайтын болыппын. Ұрпаққа өнегесімен үлгі болатын осындай ата-әжелеріміз аман болса екен. Әйтпесе, қазір жұрт кімге еліктеу керек екенін де ұмытып барады ғой...

Әсем ҚҰЛМАНОВА
Арал ауданы
16 сәуір 2018 ж. 447 0
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области