Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » «САРЫАРҚА» ЖОБАСЫ: ҰЗАҚ ЖОЛ АЛҒАШҚЫ ҚАДАМНАН БАСТАЛАДЫ

«САРЫАРҚА» ЖОБАСЫ: ҰЗАҚ ЖОЛ АЛҒАШҚЫ ҚАДАМНАН БАСТАЛАДЫ


    Өткен аптада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған әлеуметтік бастамалар қоғамдағы көптеген мәселелерді тағы бір мәрте пысықтап, одан әрі нақтылауға негіз болды.  Облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен облыс әкімдігінің  мәжілісі өтіп, онда өңір елді мекендеріндегі газдандыруға, аймақтағы эпизоотиялық ахуалға, әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасының негізсіз өсуін болдырмауға қатысты мәселелер қаралды.
    Елбасы еліміздің орталық және солтүстік өңірлерін газдандыру үшін «Қараөзек – Жезқазған – Қарағанды – Теміртау – Астана» бағытында магистральді газ құбырын салуды тапсырды. Аймақ басшысы бұл жобаның біздің облыс үшін маңыздылығына тоқталып, 370 млрд теңге инвестиция салынатынын, жергілікті бюджетке түсетін түсімді көбейтетінін атап өтті. Оған қоса  200 адамға жұмыс көзі табылмақ.  
    Қазір облыс халқының 63 проценті, Қызылорда қаласы және  4 аудан орталығы газ тұтынып отыр. Байқоңыр қаласына газ тарту  жұмыстары басталды. Биыл Жосалы, Жалағаш, Тереңөзек кенттеріне «көгілдір отын» жеткізілмек. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы М.Усаинның айтуынша, Астана қаласын, еліміздің орталық және солтүстік өңірлерін газдандыру үшін  «Сарыарқа» магистральдық газ құбырын салудың бастапқы қадамы жасалды. Энергетика министрлігінде өткен мәжіліс қорытындысында үш кіші жұмыс тобы құрылып, «Сарыарқа» жобасын жүзеге асырудың жол қартасы мақұлданды. Аталған магистральді газ құбырының 180 шақырымы біздің облыс аумағынан өтеді. Әзірге жер бөлу туралы ұсыныс түсіп, оң қорытынды берілді.
    Бүгінде Арал қаласы, Әйтеке би, Шиелі, Жаңақорған кенттеріндегі тұрғындар «көгілдір отын» игілігін көріп отыр. Жаңақорған кентінде шұғыл жағдайда әрекет ететін «104» жедел газ қызметі қосылғанмен, тәулік бойы жұмыс жасамайды. Ендігі міндет – Жосалы, Жалағаш, Тереңөзекті газдандыру. Былтырдан бері Жосалы кентіне автоматтандырылған газ тарату станциясы орнатылып, «Бейнеу-Шымкент» магистральді газ құбырынан бұрма газ құбыры салынуда. Биыл жобаны аяқтау үшін бюджеттен 991 млн теңге қаржы бөлінді. Бірінші жартыжылдықта аяқталады деп жоспарлануда. Жосалы кентіне кварталішілік газ тарату желілерінің құрылысын бастауға облыстық бюджеттен 100 млн теңге қаржы бөлініп,  мемлекеттік сатып алу конкурстары өтіп жатыр. Биыл автоматтандырылған газ тарату станциясынан (АГТС) бас реттегіш газ тарату пунктіне дейін 4,5 шақырым жоғары қысымды газ құбырын салу, ГРП-1-ден орташа қысымды газ құбырын жүргізу, 1 әлеуметтік нысанды газ желісіне қосу жұмыстары жүргізіледі.
    Тереңөзек кентінде АГТС құрылысын бастауға бюджеттен 1,7 млрд теңге бөлініп, «Транс Азия Консктракшн» құрылыс-монтаж жұмыстарын бастады. Тереңөзек-АГРС-нан Жалагаш ГГРП-на дейін жоғары қысымды газ құбыры-бұрмасының, Жалағаш кентіне газ жеткізу құбырының және кварталішілік желілерінің жоба-сметалық құжат¬тамасын әзірлеуге және мемлекеттік сараптама қорытындысын алуға қаржы қаралып, мемлекеттік сатып алу конкурсы жүргізілуде. Қорытындысы наурыз айының соңғы аптасында  белгілі болады.
    «Махамбет» және «Наурыз» елді мекендерін газдандыру бойынша мердігер мекеме жоба әзірлеуде. Оған қоса 10 жобаны республикалық бюджеттен қаржыландыруға Энергетика министрлігіне бюджеттік өтінім жолданды. Қазір Жосалы, Тереңөзекке жүргізілетін газ құбырының жобасы алдын ала қолдау тауып отыр.
    Өткен мәжілістердің бірінде «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Қызылорда өндірістік филиалына апаттық қор жасақтап, газдандырылған аудан орталықтарында апаттық-диспетчерлік пунктер ашуға байланысты шұғыл шаралар қабылдау тапсырылған еді.  Филиал директоры      Т. Қызылбаевтың  айтуынша,  «104» авариялық газ қызметінің кешкі сағат 18.00-ге дейін ғана жұмыс істеуіне қаржы тапшылығы себеп болып тұр. Аймақ басшысы тиісті мамандарға бұл мәселені жан-жақты зерделеп, авариялық қызмет байланысының үздіксіз жұмысын жолға қоюды тапсырды. Селекторлық байланысқа шыққан аудан әкімдері де осы қызмет тәулік бойы жұмыс істесе деген ұсыныстарын жеткізді.  
    Күн тәртібіндегі екінші мәселенің талқысы эпизоотиялық тұрақтылықты сақтауға қатысты өрбіді. Алдағы сәуірде Халықаралық Эпизоотиялық Бюро сарапшылары инспекциялық бағалау жұмыстарын жүргізбек. Облыстық ветеринария басқармасының басшысы Е.Апетовтың айтуынша, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Ақмола, Қостанай облыстарында тіркелген құтыру және нодулярды дерматит ауруларының бізде тарамауы үшін ветеринарлық шаралар уақытылы жүргізілген.
    Биыл аса қауіпті 12 түрлі жұқпалы аурудың алдын алуға егілетін препараттар облысқа жеткізілді. Егу және диагностикалық тексеру жұмыстары басталып кетті. Қызылорда қаласы мен барлық аудандарда қаңғыбас ит-мысықтарды аулауға қаржы бөлінгенмен, олар азаймай отыр. Бірлескен жұмыс тобының арнайы рейдтерінен кейін 3 мыңнан астам ит-мысық жойылған.
    Қызылорда облысының буферлік аймақтан шығуы ең алдымен мал экспортына оң ықпалын тигізді. Алдағы айда Халықаралық Эпизоотиялық Бюроның сарапшылары келеді. Дайындық жұмыстарын пысықтаған басқарма мамандары бірқатар кемшіліктерді анықтады. Малдың компьютерлік дерекқор базасынан уақытылы шығарылмауы, мал сою нысандарында дезтосқауыл, дезтөсеніштер болмауы, сойылатын малдың құжаттарының болмауы, сатып алынған асыл тұқымды малдың карантинге қою кезінде толығымен тексерілмейтіні белгілі болды. Басқарма басшысы компьютерлік дерекқор базасы мен статистикалық мәлімет арасында айырмашылықтар бір жүйеге түспей келе жатқанын айтты.  
    ХЭБ-тың талабы бойынша елді мекендерде типтік жобадағы мал қорымдары болуы тиіс. Аймақта мал өлекселері мен биологиялық қалдықтарды жоятын 146 қорым бар. Оның ветеринариялық талаптарға сай келетіні –  71. Биыл 10 қорым салу жоспарланып отыр. Аймақ басшысы ветеринарлық саланың немқұрайлылықты көтермейтінін айтып, бақылауды күшейтуді, Халықаралық Эпизоотиялық Бюро сарап¬шыларының  барлық талаптарын орындауды тапсырды.
    Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу үшін  қабылданған шаралар туралы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Б.Жаханов айтып берді. Жыл басынан бері 7 өнім бойынша баға жоғарылаған, 3 өнім бағасы төмендеген, 9 өнім бойынша баға бірқалыпты. Картоп, сәбіз, қырыққабат, бас пияз бағасының қымбаттауы қойма қызметі мен табиғи шығындардан болып отыр.
    Тұрақтандыру қорында 1 сортты ұн, бас пияз, картоп, сәбіз, қырыққабат, макарон, өсімдік майы, қарақұмық жармасы,  қант, шай бар. Қордан жыл басынан бері 58,2 млн теңгені құрайтын 684,2 тонна өнім сатылды. Өнімдер тікелей қоймадан, Қызылорда қаласының шағын аудандарында орналасқан 14 әлеуметтік  дүкеннен, аудан орталықтарында ашылған 6 әлеуметтік дүкеннен, Қызылорда қаласындағы 10 сауда дүкенінен әріптестік келісім-шарт арқылы өткізілуде. Қазір 6 әлеуметтік дүкен өнімді зауыттан тікелей жеткізіп, арзан бағамен сататын «Ажар» сауда үйіне жалға берілді. Бұл әлеуметтік дүкендерде тұрақтандыру қорының өнімдерінен бөлек басқа да тауарлар көтерме бағада сатылуда. Алдағы сенбіден бастап апта сайын ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерін ұйымдастыру жоспарланып отыр.
     Одан әрі «Байқоңыр» ӘКК ҰҚ» АҚ басқарма төрағасы Т.Кенжебаев тұрақтандыру қорының үйлестірушісі – «Қызылорда қаржы компаниясы» мекемесінің таратылуына байланысты тұрақ¬тандыру қоры қызметін әрі қарай жүргізу жайын баяндады.
    Аймақ басшысы «Наурыз» мерекесі қарсаңында азық-түлік пен тұрмыстық тауарлардың, мал бағасының негізсіз өсуіне жол бермеуді, жәрмеңкелерді жоғары деңгейде өткізуді тапсырды.
    Мәжілісте қаралған мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылданды.
     «Сыр бойы»

13 наурыз 2018 ж. 160 0

Саясат

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2018    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930
31 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области