Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » Министр Серік Шәпкенов Сыр еліндегі кәсіпкерлердің ауыл өмірін жақсартудағы бастамаларын жоғары бағалады

Министр Серік Шәпкенов Сыр еліндегі кәсіпкерлердің ауыл өмірін жақсартудағы бастамаларын жоғары бағалады

Kyzylorda-news.kz. Сыр өңіріне жұмыс сапарымен келген ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов Қызылорда өңіріндегі бірнеше аудандарға барып, «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында іске асырылған жобаларды саралап, жұмысымен танысты.

Іссапар кезінде облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова министрге даму әлеуеті жоғары ауылдық елді мекендердің әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымын жетілдіруді көздейтін «Ауыл – Ел бесігі» жобасы шеңберінде облыста 103 перспективалы ауыл анықталып, нәтижесінде 82 жобаны жүзеге асыру қолға алынғанын атап өтті. Бұл үшін 53 тірек ауылы мен 50 спутник елді мекендер айқындалғанын тілге тиек етті.

Алдымен министр Сырдария ауданы Тереңөзек кентіндегі бағдарлама арқылы жөндеуден өткен А.Иманов көшесіндегі күрделі жөндеу жұмыстарын бақылады. Ұзындығы 1,56 шақырымды құрайтын көшеде жаяу жүргіншілер жолы, бордюр және 3 шақырымға жететін суағар қоса салынуда. Биылғы жылдың тамыз айында басталған құрылыс жұмыстары қарашада аяқталады деп жоспарлануда.

Ауданда «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында қолға алынған жобаның бірі – орталық стадионға күрделі жөндеу жүргізу. Бұл нысан да жыл аяғына дейін қолданысқа беріледі. 140 орынға лайықталған алаңды жөндеу барысында 7,5 мың шаршы метрге жасанды көгал төсеу қарастырылған.

Мұнан кейін ведомство басшысы Жалағаш ауданына да барды. «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде Таң ауылдық округіндегі атқарылған жұмыстарды бағдарлады. Биыл ауылда 11 жоба іске асуда. Соның бірі – Орынбай жырау көшесіндегі жөндеу жұмыстары.

Ұзындығы бір шақырымнан асатын даңғыл жол заманауи талаптарға сай төселген. Осы елді мекендегі №118 орта мектебінің есік-терезелері, едені толық ауыстырылған. Сыртқы қабырғасы металл сайдингпен қапталып, су, кәріз жүйелері, әжетхана мен электр желілері жаңартылған. Сондай-ақ, ауылдағы дәрігерлік амбулатория мен орталық алаңды жаңғырту, Жалағаш кентіндегі 200 орындық оқушылар үйі мен 50 орындық өнер мектебінің құрылысы жыл соңында пайдаланылуға беріледі.

Айту керек, ауданда «Таң ЛТД» ЖШС директоры Имақ Шағыртаев ауыл халқына мешіт ғимаратын жөндеу, бөбекжайды қайта жаңғырту, спорт кешенін салу, ет өндеу цехының құрылысын салу, округтегі көшелерді жарықтандыру ісін өз қаражаты есебінен жүргізіп, ауылға қомақты инвестиция салған.

Іссапары барысында министр «Ауыл-Ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасының облыста орындалуы жөніндегі арнайы отырысқа қатысты. Жиында облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Нұрғали Қордабай, облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Бердияр Пірімбетов, Жалғаш ауданы әкімі Асылбек Шәменов жоба шеңберіндегі атқарылған жұмыстарды баяндады.

Атқарылған жұмыстарды саралап, ұсыныстарды тыңдаған ведомство басшысы ауыл тұрғындарының өмір сүру жағдайын жақсартуға бағытталған жобаларды жүзеге асыру аса маңызды жауапкершілік екенін атап өтті.

Үкімет басшысының тапсырмасына сәйкес «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасының орындалуын көріп, туындаған мәселелер бойынша нақты ұсыныстар тыңдау үшін қасиетті Сыр еліне келіп отырмын. Жолдарды күрделі жөндеуден өткізу, дәрігерлік амбулатория мен оқушыларға арналған мектептер салу – елді-мекендердегі тұрғындардың жағдайын жақсартуға барынша мүмкіндік береді.

Тұрғындарды жұмыспен қамту да ерекше маңызға ие. Бұл жерде бөлінген қаржыны игеріп қана қоймай, халықтың игілігіне берілетін нысандарды уақытылы, сапалы іске қосу керек.
Маған Қызылорда облысындағы мемлекеттік бағдарламадан бөлек, жергілікті жеке кәсіпкерлердің ауыл өмірін жақсартудағы бастамалары ұнады. Мәселен, Таң ауылында жанашыр азаматтар өз қаражатын ауылды көркейтуде жақсы тәжірибені іске асырып келеді. Бұл өте қуантарлық жағдай. Алдағы уақытта мұндай кәсіпкерлерге мемлекеттік деңгейде қолдау көрсетудің тетіктерін қарастыруды ұсынамыз. Жоспардағы жобаларды орындауда қандай мәселеге баса назар аудару керектігін зерделеп, Үкіметке тиісті ұсынымдар беретін боламын, – деді министр Серік Шәпкенов.

Жиында Гүлшара Әбдіқалықова жобалардың қаржыландыру жоспары бойынша игеру мәселесін көтеріп, құрылыс жұмыстарының уақытылы әрі сапалы жүргізілуі мердігер компанияның жауапкершілігінде екенін айтып, жыл аяғына дейін бірқатар жобаларды аяқтап, халық игілігіне бағытталатынын тілге тиек етті.

Атап өту керек, бұған дейін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова тірек ауылдар желісін арттырып, туған елді көркейтуге үлес қосып жүрген кәсіпкерлерге мемлекеттік бағдарламадан бөлек ауылды дамытуды көздейтін жаңа бастамаларды қолдауға шақырды. Соның нәтижесінде өңірде өз қаражатына ауылдың инфрақұрылымын жақсартып, әлеуметтік нысандарын жаңартуға үлес қосып жүрген кәсіпкерлер қатары артты.
Еске салайық, «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы басталғалы 3 жыл ішінде облыста құны 11 миллиард теңгеден асатын 173 инвестициялық жоба жүзеге асырылды. 2019 жылы 31 жоба арқылы 54 адам жұмыспен қамтылса, 2020 жылы өңірдің 8 елді мекенінде құны 4,2 миллиард теңгені құрайтын 60 жоба іске асқан. Нәтижесінде 2019-2020 жылдары атаған бағдарлама бойынша 955 жаңа кәсіпкерлік нысаны ашылып, жұмыссыздық деңгейі 5 пайызға қысқарды.

Қызылорда облысына екі күндік жұмыс сапары барысында министр Серік Шәпкенов Қармақшы және Қазалы аудандарына барып, бірқатар нысандардың жұмысын бағдарлайды.


30 қазан 2021 ж. 44 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2022    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области