Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » Қазақ кимешекті қай кезден және қалай киген (ФОТО)

Қазақ кимешекті қай кезден және қалай киген (ФОТО)

Kyzylorda-news.kz. Кимешек – тұрмысқа шыққан әйелдің бас киімі. Кимешектің әйелдің бет-жүзін көрсетуге арналған ойығы бар, әйелдің иығын, омырауын жауып тұратын бөлігі болады. Кимешек пішіміне, бас бөлігінің безендірілуіне, иығын жауып тұратын бөлігінің ұзындығына, әшекейлену сипатына қарай бірнеше түрге бөлінеді.
Сондай-ақ кимешек әйелдің жас ерекшелігіне қарай әшекейленген. Кей дерекке сәйкес, кимешек өткен ғасырдың отызыншы жылдарына дейін қазақ әйелдерінің тұрақты бас киімі болып саналды. Ол үшін ақ түс таңдалған, себебі әйел бас киімінің символикалық түсі ақ деген ұғым қалыптасқан.
Киімнің киелісі – кимешек
Өнертану ғылымдарының профессоры Сабыркүл Асанованың «Қазақтың ұлттық киімдері және қолөнері тарихы» еңбегінде кимешектің ең ежелгі түрі – орама кимешек екені жазылған. Оны Қазақстанның батыс аймағында арғындар киген. Орама кимешекті 19 ғасырдың 20-30 жылдары да киген, бірақ 20 ғасырдың басында оның басқа пішіні пайда болды. Автор орама кимешекті былай сипаттайды:
Кимешектің бетті көрсетуге арналған бөлігін тікпестен, онымен басты орап бекіткен. Оны кию барысында басқа кимешектен айырмашылығы болмаған, алдыңғы жағынан омырауын жартылай шеңбермен жауып, арқасына ұзын және кең қалақ тәрізді пішінде түсірілген.
Қазақстан Республикасының мемлекеттік орталық музейіндегі «Киімнің киелісі – кимешек» көрмесі

Маманның еңбегінде кимешектің тағы бір түрі сипатталады. Ол бір бөлік матадан тұтас пішіліп, қыр жағына түсірілетін бір тігіспен тігілген. Ал бетті көрсетуге арналған ойығы тесік түрінде ойылған. Кимешектің бұл түрі Жамбыл, Шымкент өңірлерінде, Омбы және Атбасар уездерін мекендеген орта жүздің қоңырат руында сақталған.
Қоңырат кимешектері бөлшектерінің айрықша болуымен ерекшеленеді: оның төбесі тігілмеген, басын үстінен жауып тұру үшін алдыңғы жағынан тікбұрышты мата бөлігі тігілген.
Киімнің киелісі – кимешек көрмесі
Кимешектің 16 түрі белгілі, оның 12 түрі Қазақстан Республикасы мемлекеттік орталық музей қорында сақталған

Осы түрінің әртүрлі нұсқасы Қызылорда өңірінде де кездеседі. Ол жақта кимешектің адамның жүзін көрсетіп тұратын жерін жан-жағынан тіккен. Сондай-ақ кимешекті тігу барысында екі қабатты мата қалдырған, матаның бірі кимешектің арқасын жабуға, екіншісі алдыңғы жағына арналған.
Орталық және Солтүстік Қазақстан кимешектерінің өң беті трапеция тәрізді немесе үшбұрыш пішінді келіп, жоғары тар бөлігінен бетті көрсетуге арналған тесік қалдырған. Әдетте артқы түзу емес ромб тәрізді бөлігі тізеге немесе өкшеге дейін жететін ұзын болған.
Кимешектер көрмесі
Көрмедегі бұйымдардың ішінде ең көнесі – Қарағанды өңірінен алынған 200 жылға жуық тарихы бар кимешек

Сырдарияның төменгі бөлігін мекендеген рудың әйелдері бүрмелі кимешек киген. Оның ең беті тікбұрыш тәрізді пішілген: төменгі ұзын жағы омырауды жауып тұрған, ал жоғары бөлігі бүрмеленген.
Оңтүстік Қазақстанда әйелдердің кимешегі тұтас матадан пішілген. Тіктөртбұрыш матаның жартысын диагоналы бойынша кесіп, қиығы бойынша тіккен. Тігіс арқаның орта тұсына түскен. Ойық тең қабырғалы үшбұрыш пішіндес болған, сол жерден бетті көрсететін тесік жасап, бөлек дөңгелек немесе сопақ пішінді маңдайлық тіккен.
Ең әдемі кимешекті жас келіндер киген
Деректерге сәйкес, кимешек әйелдердің жас ерекшеліктеріне байланысты әшекейленген. Ең әдемі әшекейленген кимешектерді жас келіндер киген. Отыз жастан асқан әйелдердің күміс және моншақпен сәнделген кимешек киюі орынсыз саналған, ал баласы есейген әйелдер тек әртүрлі жіппен аз ғана қатар жүргізіліп кестеленген кимешек киген. Әсіресе кимешектің бетті көрсетуге арналған ойығының жиегі әшекейленген, омырау тұсының әшекейленуі сирек кездескен. Ал арқа тұсына түсірілетін төменгі ұшын шашақтармен көмкерген.
Алматы облысында жиырмасыншы ғасырдың басында мақта матадан тігілген кимешек
Алматы облысында жиырмасыншы ғасырдың басында мақта матадан тігілген кимешек

Жас келіннің әшекейлі кимешегі сөз болғанда алдыңғы қатарға Жетісу өңірінің кимешектері шығады. Себебі олар бас киімге тігілген әшекейлерімен ерекшеленген. Жетісу жерінің жас әйелдері кимешектің бет ойығының бет тұсын, кейде иек астын, кейде үстіңгі жағын түрлі-түсті жіп арқылы кең жолақ жүргізіп кестелеген. Оларға моншақ, маржан, күмістен құйып жасалған алуан түрлі белгілер әшекей ретінде қолданылған.
Кимешек астыңғы бас киім болып есептеледі. Ертеректе жаулық тұрмысқа шыққан әйелдер бас киімінің барлық түрінің үстінен киілген. Сондықтан үстіңгі жаулық деген тіркес бар. Көбінесе жаулық үшін өлшемі ені мен ұзындығы 2 метр немесе одан да көлемді мата таңдалған.
Кимешек түрлері
Екі бөлек үшбұрышты мата өңірінен және арқа тұсынан тігіп біріктірілген кимешек. Өңіріне екі үшкіл қиық салынған. Өңірі мен басты жауып тұратын тұсы екі қабат матадан тігілген. Желке тұсына ұсақ бүрмелер салынған. Кимешек Алматы облысында 1970 жылы тігілген.

Ал бір деректерде кимешек кестесіне қарай үш түрге бөлінетіні айтылған. Соған қарап әйелдің жасын білуге болады. Кимешектегі адам жүзін көрсететін ойықтың шеті ақ бас киімді әжелер, сарыны орта жастағы әйелдер, қызылды жас келіншектер киген.
Ертеректе жаңа түскен келінге кимешек кигізу дәстүрі де болған. Ол үшін арнайы ас берілген. Оны келіннің енесі ұйымдастырып, сол ауылдың әйелдерін шақырған. Содан кейін келіннің басына кимешек кигізген әйелге енесі сый жасаған.
Талдықорған өңірінде тігілген кимешек
Алматы облысы Талдықорған өңірінде тігілген кимешек. Оған мақта мата, шытыра, маржан, моншақ, кесте қолданылған. Бұл кимешек 20 ғасырдың басына тән.

Тұрмысқа шыққан қыздар алғашқы жылы сәукеле, күнделікті өмірде желек киген. Жас келін үлкен кісілерді көрген кезде бетін желегімен көлегейлеп, яғни иба көрсеткен. Бірнеше балалы болып, әлеуметтік статусы бекіп болған соң кимешек, шылауыш кигені белгілі.
Жалпы кимешектің 16 түрі белгілі, оның 12 түрі Қазақстан Республикасы мемлекеттік орталық музей қорында сақталған.
Кимешек түрлері
Кимешек әр аймақтың тұрмыс-тіршілігіне байланысты туындаған. Бір кимешектің екінші өңірде өзгеше болатыны белгілі. Алайда оның түпкі мақсаты өзгермеді. Ол қыста суықтан, жазда ыстықтан қорғаумен қатар, ақ жаулықты аналардың киелі орамалы саналады.

Кимешек туралы шығармалар
Мұқағали Мақатев «Ақ кимешек көрінсе» деген өлеңін әжеге арнау арқылы ұлттық киімнің жоғалып кетпеуін тілейді.
Әже, сен бірге жүрсің меніменен,
Өліге мен өзіңді телімегем.
Ақ кимешек киген бір кемпір көрсем,
Ақ кимешек астынан сені көрем.
Өңі-түсі өзіңнен бір аумайды,
Немересін ертпесе жүре алмайды.
Таныс дауыс, таныс сөз, таныс мәсі,
Көзіме оттай басылып, алаулайды.
Аппақтығы ұқсайды әрінің де,
Әжімің де, аумайды тәлімің де.
…Әлемдегі әженің бәрі бір ме?!
Әже, сен тірі екенсің әлі күнге.
Қия өтпейді…
Ұқсайды ізеті де,
(Ізетсізді бұлар да түзетуде.)
Бұлар да бабасынан алып қалған,
Өз жұртының дәстүрін күзетуде.
Әже, сен бірге жүрсің меніменен,
Өліге мен өзіңді телімегем.
…Ақ кимешек көрінсе, сені көрем,
Ақ кимешек жоғалса…
Нені көрем???, дейді ақын.
Ал ақын Қанипа Бұғыбаева «Кимешек» деген өлеңінде кимешектің қазір музейде тұратынын айтып өтеді.
Замана сырын ақтарып,
Өмірден өзге күй көксеп.
Музейде тұрсың сақталып,
Сарғайған сары кимешек.
Өңіңнен көріп қайғы ізін,
Тамшы жас көзге іркемін.
Білмеймін, кеше қай қыздың,
Бұлт болып басын бүркедің.
Өңірің жаспен боялған,
Бере алман ол бір күнге есеп.
Білмеймін, кеше қай арман,
Басына салды кимешек.
Өткенде менің қалды есем,
Өмірім толы ұшқынға.
Бір жүректен әлде сен,
Ақ бұлт болып ұштың ба?
10 қазан 2021 ж. 24 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2021    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области