Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » Қызылордаға ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушы Ербол Қарашөкеев жұмыс сапарымен келді

Қызылордаға ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушы Ербол Қарашөкеев жұмыс сапарымен келді

Kyzylorda-news.kz. Бүгін Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушы Ербол Қарашөкеев Қызылорда облысына екі күндік іссапарын бастады. Ең алдымен құрғақшылықтан зардап шегіп, төтенше жағдай жарияланған Арал ауданына ат басын бұрып, жергілікті халықпен және шаруашылық басшыларымен кездесті. Онда мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан көмектерге тоқталып, аймақтағы мал азығы мәселесінің шешілу жолдарын пысықтады.

Министрдің міндетін атқарушы мал азығымен қамтамасыз ету мәселелерін шешуді жылдам үйлестіру үшін Ауыл шаруашылығы министрлігі жанынан Республикалық жедел штаб құрылғанын айта келіп, министрліктің бастамасымен Үкімет деңгейінде іске асырылатын шараларды атады.

«Біріншіден, Үкімет резервінен Қызылорда облысындағы құрғақшылықтан зардап шеккен шаруалардың қыстағына жеткізілетін мал азығының құнын арзандату үшін өткен аптада 1,7 млрд теңге бөлінді. Қазір осы қаражатты барлық шаруа қожалықтарына тамыз айының ішінде жеткізу қажет. Екіншіден, Азық-түлік келісімшарт корпорациясы 490 тонна арпаны нарықтағыдан төмен бағамен сатты. Жалпы биыл жемдік астық қорын 370 мың тоннаға жеткізу жоспарымызда бар. Үшіншіден, фермерлердің жем-шөп дайындауына қосымша арзандатылған жанар-жағармай бөлінетін болды. Қазір энергетика министрлігімен барлық мәселелер пысықталды. Тамыз айынан бастап облыстарға сұратылған лимиттері бойынша жеткізілетін болады. Қызылорда облысына 3,8 мың тонна лимит бөлінді», – деді Е.Қарашөкеев.

Министрлік басшысының айтуынша, Экология министрлігімен табиғи резерват жерлеріне мал жаю және шөп шабу жөнінде келісім жасалды. Осыған байланысты қорықтар жерінен шөп шабу және мал жаю мәселесі шешілді. Сонымен қатар, қазіргі жағдайға байланысты фермерлерге қолдау көрсету үшін мал шаруашылығын дамытуға алған несие төлемдерін кейінге шегеру жөнінде шаралар қабылданады.

«Бұдан бөлек, министрлік тарапынан жақында мал шаруашылығын субсидиялау ережесіне енгізілген өзгерістерге сәйкес облыс бойынша былтырғы жылы мал азығына субсидия ала алмай қалған шаруа қожалықтарының резервтегі өтінімдері қанағаттандырылатын болды. Бұл мақсатқа облыс бюджетінен 390 млн тг қаражат та бөлінген. Осы мәселе бойынша ауыл шаруашылығы басқармасы тез арада шешім қабылдауы қажет. Содан кейін, басқа өңірлерден мал азығын тасымалдауға темір жол тарифіне арнайы жеңілдіктер беру бойынша Қазақстан темір жолы компаниясының шешімі шықты», – деді министрдің міндетін атқарушы.

Тағы бір айта кететін жайт, Ауыл шаруашылығы министрлігі мен «Бәйтерек» холдингі бірлесіп қосымша мал азығын дайындайтын техника сатып алуды қаржыландыру және суармалы жерді игеруге қажет құрылғыларды сатып алуға несие беру мәселесін де қарастыратын болады. Е.Қарашөкеевтің айтуынша, жалпы Қызылорда облысы бойынша мал азығымен қамтамасыз ету үшін ішкі мүмкіндікті толық пайдаланып жағдайды шешуге болады.

«Аудандар бойынша, елді мекендерде шөп шабу бригадаларын құру қажет. Осы екі күн ішінде барлық ауданның жағдаймен танысып жедел шешуді қажет ететін мәселелерді саралайтын боламыз», – деді Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушы.

Келесі күні Жалағаш, Сырдария, Шиелі және Жаңақорған аудандарын аралап, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен кездеседі. Олардың бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысып, өтініш-тілектерін де тыңдайды. Айта кетейік, биыл наурыз-сәуір айларында еліміздің оңтүстігі мен батыс облыстарының басым бөлігінде көктемгі жауын-шашын нормадан аз түсіп, ауа температурасы жоғары болғаны белгілі. Соның салдарынан ұзақ жылдан бері болмаған құрғақшылық мал шаруашылығына ауыр тиді.
29 шілде 2021 ж. 169 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2021    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области