Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » Қызметте - табанды, отбасында - аяулы жандар

Қызметте - табанды, отбасында - аяулы жандар

Kyzylorda-news.kz. Шұғылалы көктемнің алғашқы мерекесі – 8 наурыз Халықаралық әйелдер күні. Бұл – барлық көркемдіктің иесі әйел-аналардың жарқын мерекесі. Қазіргі таңда әйелдер қауымы тек отбасының ұйытқысы, шаңырағының тыныштығын сақтаған жан емес, сонымен қатар қоғамның барлық саласында ер азаматтармен қатар еңбек етіп жүрген қоғамның үлкен қозғаушы күші. Яғни нәзік жандар мемлекеттік қызметте, бизнесте, денсаулық сақтау мен білім беру жүйесінде, әскери, құқық қорғау саласында жемісті еңбек етіп жатыр.
Бүгінде Сыр өңірінде аймақтың дамуына сүбелі үлес қосып, сол мезетте отбасына да мейірім шуағын төгіп жүрген қыз-келіншектер жетерлік. Мереке қарсаңында Kyzylorda-news.kz ақпарат агенттігінің тілшілері Қызылорда облысындағы түрлі салада қызмет етіп жүрген нәзік жандар арасында сауалнама жүргізген болатын.

1. «Әйел бақыты» дегенді қалай түсінесіз?
2. Сіздің осы саланы таңдауыңызға не себеп болды? Қызмет ете жүріп, қандай мәселенің шешілуіне ықпал еттіңіз?
3. Өміріңізде алған естен кетпейтін сыйлығыңыз?
Қызылорда облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Мира Абуова:
1. Әйел адамның бақыты - отбасы. Әйел заты балалары мен жақындарының ортасында өзін жан-жақты сүйеуі бар мықты сезініп, олардың күлкісімен шабыттанып, олар тамақтанса өзі тойып жүретін жан. Сондықтан да, әрбір әйелдің бақыты еселене түссін деп тілеймін.
2. Мәдениет саласы қызығы мен қиындығы қатар жүретін, адамзат баласының сыртқы болмысымен қатар оның түйсігі мен санасын тәрбиелейтін сала. Өнер деген құдіретті күш иелерімен, тылсым мен тағылымға толы тарихты зерттеп, оқып, танытып жүрген тынбас еңбекқор қауыммен бірге жұмыс істеу - мен үшін үлкен мәртебе.
Өңіріміздің мәдениеті мен өнерінің жоғарғы деңгейге көтеріліп, жаңашылдықтар енгізіліп және халықтың мәдени-рухани демалуына көп жағдай жасалғандығы туралы өнер сүйер қауымнан оң пікірлер мен алғыстар алып жүрміз. Осының өзі облыс басшылығының, менің және сала мамандары мен өнер иелерінің облысымыздың мәдениет, өнер және архив саласының дамуына қосқан үлесі деп білемін.
3. Мен үшін ең қымбат, ең ыстық, есімнен кетпейтін сыйлық - үлкен немеремнің 5 жасында 8 наурыз мерекесіне арнап өз қолымен жасап берген құттықтау ашық хаты мен "Әже, мен Сізді жақсы көремін" деген сөзі.
Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Қызылорда облыстық филармониясының әншісі Күлән Қалымбетова:
1.Әйел бақыты ұғымын әркім шама-шарқынша шамалайды. Мен үшін отбасымның амандығынан асқан бақыт жоқ. Денсаулығым жақсы болса, елге қызмет етіп, абыройлы өмір сүрсем мен үшін бақыт сол.
2.Бала күнімнен арманым да мақсатым да өнер болды. Роза Бағланова, Бибігүл Төлегеноваларды тыңдап өстім. Солар секілді өнердің биік белесіне шықсам деп армандадым. Мамандық таңдарда да өнер саласын таңдап, оқуға түстім. Облыстық филармонияның шақыртуымен осында жұмыс істеп жатқан жайым бар. Енді бұл салада жүріп айтарлықтай мәселенің шешілуіне ықпалым болды дей алмаймын. Дегенмен Асқар Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйін облыстық филармониядан алып қойған жылдары билік басындағы азаматтардың алдына бірнеше рет бардым. «Жалғыздың үні, жаяудың шаңы шықпас» деп бір өзімнің қолымнан не келеді? Ол мәселе түбегейлі шешілген жоқ.
3.Шымкент қаласында 1992 жылы тұңғыш рет Шәмші Қалдаяқов атындағы үлкен конкурс өтті. Сол байқауға қатысып, лауреат атандым. Одан кейін 1998 жылы Елбасының қолынан Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі атағын алдым. Өмірімдегі естен кетпейтін алғашқы сый сол мен үшін.
Жас кәсіпкер, «Қабілет» оқу-орталығының жетекшісі Әсем Маханова:
1. Әйел бақыты дегеніміз - ол ата-анаңның амандығы, балаларыңның шат күлкісі, жарыңның сүйіспеншілікпен қолдауы. Әйел бақыты - қосағыңмен қоса ағарып, ана деген аяулы сезімді өне бойыңнан сезіну. Заман ағымымен өзіңді жеке тұлға ретінде қалыптастыра отырып, сүйікті ісіңмен шұғылдану.
2. Менің мамандығым экономист, ол салада біраз жыл еңбек еткенмін. Қазіргі таңда жеке кәсіпкер ретінде оқушыларымыздың білімі мен біліктілігін арттыру мақсатында оқу орталығымыз жұмыс істеп жатыр. «Білім - өмір шырағы» деген керемет мәтел бар, баланың болашағы жарқын болуы үшін біліміне назар аудару ата-анасының міндеті. Сондықтан мен бұл саланы балаларым үшін таңдадым. Ата -аналар жұмыстан шаршап келгенде, баласымен үй тапсырмасын орындаудың орнына, бос уақытын көңілді демалыспен өткізсін деген мақсатта "Қабілет" оқу орталығы өз жұмысын атқаруда. Балалардың қабілетін арттыру арқылы көптеген жетістіктерге қол жеткізіп, халықтың алғысына бөленіп жүрміз. Әрбір алғыс пен жақсы пікірлер мені жігерлендіріп, орталығымызды дамытуға үлкен септігін тигізеді.
3.Сыйлық ол – ілтипат. Бір адамның екінші адамға деген шынайы ықылас көпірі. Сыйлық алу əркімнің-ақ ұнататын ісі. Өйткені сыйлық алғанда, адамның жаны жадырап, көңілі көтеріліп, іштей бір марқайып қалады. Шын жүректен берілген әрбір сыйлық мен үшін өте маңызды.

Бұған дейін, мерекеге орай ұйымдастырылған сауалнаманың алғашқы легін оқырман назарына ұсынған болатынбыз.
Жалғасы бар...
Сауалнама жүргізген Фариза ОМАРОВА
06 наурыз 2020 ж. 133 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2020    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
27282930 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области