Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » Жұмыссыз қазақстандықтарға 1 сәуірден медициналық көмектің қандай түрі көрсетіледі

Жұмыссыз қазақстандықтарға 1 сәуірден медициналық көмектің қандай түрі көрсетіледі

Kyzylorda-news.kz. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу жөніндегі жобалық кеңсе жетекшісі Зәуреш Балкенова 2020 жылдың 1 сәуірінен бастап жұмыс істемейтін және өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға медициналық көмектің қандай түрлері көрсетілетінін айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның айтуынша, егер адам өзін-өзі жұмыспен қамтыған болса, онда ол МӘМС-тің екі топтамасымен бірдей медициналық көмек алу үшін ай сайын жарна аударып отыруы қажет. Ал егер жұмыссыз болса, Жұмыспен қамту орталығына тіркелуі керек. Жұмыспен қамту орталығында тіркелмеген жағдайда, бірінші топтамамен тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемін ғана алады.
«Егер адам жұмыс істемесе, онда ол жұмыссыз ретінде ресми түрде Еңбекпен қамту орталықтарына тіркелуі тиіс. Оған жұмыс тауып алу үшін уақыт беріледі немесе ол аталған жарнаны дербес төлеуші ретінде салып отыруы қажет. Зейнеткерлер, студенттер, балалар, мүгедектер, 3 жасқа дейін бала күтімімен отырған әйелдер, жалпы азаматтардың барлық 15 санаты немесе 10 миллионға жуық қазақстандық мемлекеттің қорғауында болады. Мемлекет олардың жарналарын толық төлеп, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына аударады», - деді агенттік тілшісіне сұхбат берген Зәуреш Балкенова.
Оның айтуынша, Медициналық сақтандыру қорына тұрақты жарнасын аударып отырған адам міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясындағы өзіне қажетті қызметтің барлық спектрін алады.
«Егер медициналық қызметтің шынайы құнымен салыстырар болсақ, онда бүгінде Қазақстанда тек дәрігердің бастапқы қабылдауының өзі 3,5 мың теңге тұрады. Ал мына жерде айына сондай ақшаға барлық қызметті алуға болады. Тиімдігі айқын көрінеді», - деді жобалық кеңсе жетекшісі.
Зәуреш Балкенованың дерегінше, жұмыс берушінің жұмысшысына аударатын ең жоғары сомасы айына 8 500 теңгені құрайды. Бұл ретте, жұмысшының айлық кірісі 425 мың теңге және одан жоғары болуы тиіс. Ал жұмысшының жалақысынан өзі үшін салатын жарнасының көлемі айына 4 250 теңге болады. Бұл орайда да оның жалақысы айына 425 мың теңге не одан жоғары болуы қажет. Жеке кәсіпкерлер үшін айлық жарна 2 975 теңгені, ал дербес төлеушінің айлық жарнасы 2 125 теңгені құрайды.
«2020 жылы бірыңғай жиынтық төлем түріндегі ай сайынғы жарна қала тұрғындары үшін 1 айлық есептік көрсеткіш болады. Бұл - 2 651 теңгеге тең. Ал ауыл тұрғындары үшін 0,5 АЕК немесе 1 325,5 теңгені құрайды», - деді ол.
14 қаңтар 2020 ж. 34 0
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области