Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » Елбасының анасы туралы не білеміз?

Елбасының анасы туралы не білеміз?

Ана болмаса ақын да, батыр да, Өмір де болмайды
Ғ.Мүсірепов

«Батырды екі ананың бірі туады, ал, патшаны ілуде бір туады» деген ескіден қалған сөз бар. Міне, осы сөз Әлжан тәрізді аналарға айтылған-ау дерсіз. Баланы адамгершілігі мол, парасатты, ақылды етіп тәрбиелеген аналардың аттары ғасырлар бойы құрметке ие болып отырғанына тарих куә. Айталық, Абайды туған Ұлжан мен Шоқанның әжесі Айғанымның, тағы да сол сияқты аналардың беделіне, заманына көз жіберсек, Әлжан ана біздің заманымыздағы сол аналардың жалғасы емес пе?!
«Шөлдеп ішкен сусынды балым десе болады, ойы терең адамды ғалым десе болады» деп терең ойлы зерделі ақылының, ой-парасатының ерекшелігімен дараланған бұл аналарды ғалым десе болады.
«Алып анадан туады» демекші, заманымыздың алып тұлғалы ұлы перзентін, Елбасын өмірге әкелген Әлжан ананың тарихтан алар орны да ерекше екені анық. Әлжан ана дегенде құлақ түрмейтін, елең етпейтін қазақ жоқ шығар. Бұл ана туралы жұрттың бәрі білгісі, біле түскісі келеді. Жасынан бойына адалдықтың ақ уызы ұялаған Әлжан тәтеміз 1910 жылы Жамбыл облысы Қордай ауданына қарасты Қасық деген ауылда туып- өскен. Ата тегі Дулат руы ішіндегі Қасқараудан тарайды. Айтыс дегенде Қасқараудың игі жақсылары мен өнерпаз шешендері ішкен асын жерге қойып жиналатын өңірдің қызы. Ақындары мен жыршыларын пір тұтатын өнерлілер өлкесінен шыққан Әлжан қыз тегін болсын ба?! Жасынан ән-жырға, айтысқа құлақ түре, сөз өнеріне құмартып өседі. Ауыл арасы жиын-тойларда айтысып, сөз қағыстырып, әзіл-оспақпен кімді де болса сөзден жеңіп отырған. Өткір, өжет, ашық-жарқын мінезді, әзілқой, жаны жайсаң көпшіл жан болған. Сөз өнеріне, әнге келгенде жүйрік жанның өзі екен. Қазақ, қырғыз әндерін сазына келтіре салғанда, жұрт Әлжанның әнін, әдемі үнін ұйып тыңдаған. Елдің аузындағы «әнші Әлжан» атанады. Өзінің бойына біткен табиғи мүмкіндігі мен қабілетіне қарай басқалардан дараланып, ерекшеленіп, әншілігімен көзге түскен.
Ата-анасы туралы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Әкем етік тігіп, жер өңдеп, сонымен қатар, ол орыс, қазақ әндерін құйқылжыта салатын. Әйелі Әлжан да өзіне бап қосылған, шынтуайында, ауылда ән салып, өлең шығарудан оған ешкім тең келмейтін. Маған да солардан жұққан болар, домбыраның құлағында ойнауға бармын», — дейді, «Әділеттің ақ жолы» атты кітабында. Ал, немересі Дариғаның бойында табиғат сыйлаған күміс көмей, жезтаңдай әншілігі әжесі Әлжан мен әкесі Нұрсұлтаннан жұғысты болған десек, қателеспейтін шығармыз.
Әлжан тәтеміз жастайынан сол уақыттың, сол заманның тауқыметі мен бейнетін басынан кешкенімен, өзінің бойындағы жастығына тән жалынын жоғалтпаған адам. Бойжетіп, бой түзеп сағағында толысқан, жастық шағы сол заманның қиын-дығына тап келгенімен, асыл жанды көрген бейнет те, ауыр еңбек те, қиын заман да сындыра да, мойыта да, аласарта да алмаған. Табиғатында туа біткен таза жүрегін кір шалмаған, тот баспаған. Ашық-жарқын алмас қылыштың жүзіндей жан жадыратар мінезінен, жақсы қасиеттерінен айнымаған. Тумысында тегі бөлек, төңірегіне шуақ шашқан асыл қасиеттерін жұрт ардақтап, Әлжанның алдында қоғадай жапырылып, құрметтеген, қатты сыйлаған. Ауылдағы той-томалақ ол кісісіз басталмаған, ол кісісіз өтпеген. Ойын-тойдың көркі де, нарқы да Әлжан болған екен. Ұлы тұлғаны туған, ұлы адамның анасы болудың өзі — ұлылықтың белгісі. Алланың шапағаты. Бұл дегеніңіз, адамзат тарихында санаулы ғана аналардың маңдайына Жаратқанның әмірімен жазылатын құбылыс қой.
Әлжан ананың отбасы, шыққан тегі туралы айтсақ, үлкен әкесі Жатқанбай молда болған кісі. Өз әкесінің аты Бұқарбай, шешесінің аты Дүрия екен. Ал, жалғыз ағасы Бөлеген туған ауылы «Қасық» колхозын басқарған, колхозда темекі егіп, ашар-шылық, жоқшылық жылдары ауылдың еңсесін түсірмей еліне адал еңбек етіп, көзге түседі. Ауылына мәдениет үйі мен мектеп салдырады. Қасық ауылының атағы дүркіреп Одаққа белгілі болады. Даңқы жер жарған атақты «Қасық» колхозына Орталық комитеттен сол кездегі Үкімет басшыларының бірі Михаил Иванович Калинин өзімен бірге Ораз Жандосовты ертіп келеді. Колхоздың жақсы табыстарын көзімен көрген Калинин көңілі тола ризашылық білдіреді. Әлжанның ағасы Бөлеген Бұқарбайұлының үйінде қонақ болады. Дастархан мәзірін әзірлеп, қонақ күтіп жүрген Әлжан қыздың қолынан дәм татады. Ораз Жандосов: «Михаил Иванович, қазақтың дәстүрі бойынша дастарханға бата беріңіз», — дейді. Сонда Калинин қымыз құйып отырған Әлжанға қарап бата беріпті.
«Жері азған елде тоқшылық болмайды, Ынтымақты елде жоқшылық болмайды», — деп қолын жайып, «Байлық — байлық емес, бірлік – байлық, береке көзі — бірлікте, социализмде, колхозда, аумин» деп осы батаны орыс тілінде беріпті. Сонда отырған ауыл ақсақалдары «апыр-ай, мынау Калинин шалың Әлжанымызға бабаларымыздың батасындай бата берді ғой» деп таңғалысады. Сонымен, Әлжан қыз аса мәртебелі Калининнің өзінен бата алады.
Ағасы Бөлегеннің колхозға сіңірген еңбегін, басшылық іскерлігін жергілікті партия ұйымы бағалап, Қордайдың тау бөктеріндегі Красногор ауданындағы Ворошилов колхозына партия ұйымының жетекшілігіне тағайындайды. Кейіннен аудандық партия комитетінің нұсқаушысы болады. Осындай беделді қызметтерді абырой-мен атқарып жатады. Әлжан қыздың үлкен әкесі ел сыйлаған молда болса, Бөлегендей ағасы тұрғанда ештеңеден кенде болып таршылық, жоқшылық көрген жоқ шығар. «Мата даңқымен бөз өтер, ата даңқымен қыз өтер» демекші, Бөлегендей ағасының барында бұлаңдай бой түзеп, бойжетіп, тәуір киініп, қатар-құрбыларының арасында той-жиында, айтыстарда көзге түсіп, талайды тамсандырған. Қыздардың әншісі Қасықтан табылған. «Ән тыңдасаң Қасыққа бар, қыз таңдасаң Қасыққа бар» деген сөз де тегін айтылмаған болар. Талай боз-балалардың көзінің құрты, көңілінің дерті болған Әлжан қыздың тағдырын қиын кезең айналып өтпеді. Атағы Одаққа белгілі болған ағасы Бөлегеннің басына қара бұлт үйіріліп, «халық жауы» деген жаламен ұсталып кетеді. Атасына молда деген айып тағылады. Осылайша, Әлжан тәтеміздің сүттей ұйыған бақытты, алаңсыз отбасының өмірі ұзаққа бармады. Талайлардың шаңырағын шайқалтқан қиыншы-лықты Әлжанның отбасы да басынан кешірді. Ел ішінде береке кетіп, бастарына түскен тауқыметтен кейін Әлжан Алматыға қарай жол тартып, тағдыр жетелеп, дәм-тұз айдап, Шамалғанға келеді. Сонда тағдыр тауқыметін тартып келген Әлжан тәте жол салушыларға тамақ пісіретін Тамара деген егде әйелге көмекші болып жұмыс істейді. Жол салушылардың бригадирі болып жүрген Әбіш ағамен та-нысады. Уақыт өте келе көңіл қосып, отбасын құрады.
Әлжан тәтеміз біраз жыл құрсақ көтермейді. Тәтебала енесінің ұйғаруымен Райымбек бабаның басына барып түнеп, малқұдайы таратып, Аллаға жалбарынып перзент — ұл сұрайды. Алла тілектерін қабыл етіп, тәтеміз көп кешікпей құрсақ көтеріп, сарғая күткен перзенттері сәби Нұрсұлтан,
– Өткен ғасыр,
Қырқыншы жыл аштым өмір есігін,
Тербетілді Шамалғанда алғаш ағаш бесігім,
Нұрлы жолға бастайтұғын сұлтан болсын деді ме?!
Азан айтып, Нұрсұлтан деп қойылыпты есімім, — деп сан дәуірдің бұғауын бұзып, тәуелсіз еліміздің туын тігер болашақ ел Президентін алтын құрсақ — Әлжан ана өмірге әкелді.
Атын Нұрсұлтан деп Тәтебала әжесі мен Әбіштің ағасы Үмбет ақсақал қояды. Құдайдан тілеп алған тұла бойы тұңғыштарының үстінде шығарда жаны бөлек Әлжан ана «Е, Алла, тіл-көзден сақтай гөр. Осы шырағым аман болса, түбі маң-дайы жарқырап, көптің алдына шығады» деп елге айта бермейтін жүрек сезімін оңашада ғана айтып, үнемі тілеуін тілеп отырады екен. Алла бесігіне Нұрсұлтандай ұл сыйлаған Әлжан ана тегін болсын ба?! Қасиетті ананың дуалы аузынан шыққан, аналық жүрегі сездірген болжамы тұп-тура келген жоқ па?! Көптің алды ғана емес, бүкіл әлемнің алдындағы танымал, беделді тарихи тұлға болды. Қазақ елінің мақтанышы, елінің Елбасы болды.
Ауыр еңбекті көп көрген Әлжан ана колхоздан қылша өсіріп, күтіп- бағуға 1 гектар жер алады. Әбіш аға таудың бетінде бірнеше гектар жерге бидай егеді. Бидай піскенде айдың жарығымен қол орақпен орған, Әлжан тәте баулаған. Міне, осындай бейнетті тірлік ол кісілердің патша көңілдерін тарылтпаған, жүректерін жабырқата алмаған, заты асыл жандар ғой.
Бұл кісілердің қажыр-қайраты, төзімділігі, еңбекқорлығы, адал еңбегі, жан тазалығы, қай қоғамда болсын, жастарға да, көпке де үлгі болары анық.
Елбасының жүрегі елжірей отырып, анасын есіне ала: «Анам оқымаса да өмірден үйренгені, көрген-білгені көп. Анам әр уақытта көз алдымда жүрегімді елжіретіп тұрады.
Қиын шешімдер қабылдар кезде түсіме кіріп, ақыл беріп кетеді.
«Ақын бар ма анасын жырламаған,
Патша бар ма анасын тыңдамаған», — деген осы. Анамды еске алғанда, кейде қиялдап отырып ойлаймын: анамның жасы жүзге жетсе, осы кезге дейінгіні көруі мүмкін еді-ау, тоқсанға жетсе, елдің есейгенін, баласының Арқада жаңа астана салдырып жатқанын көрер еді, тіпті, сексеннен сәл асса да Тәуелсіздік таңы атқанына куә болар еді-ау», — деп жазған естеліктерін оқығанда, әттең, «бір кем дүние» деген өкініш жүрегіңді ауыртып, жадыңда тұрады.
Қимас жан Әлжан ана өмірден озғанда ел-жұрты, Шамалғаны Әлжанынан, ән-жырынан, әзіл-қалжыңынан айрылып қалғанда, ол кісінің айта жүрер «Әлжан айтты» деген ел аузындағы әзіл-қалжыңы, ашық-жарқын алмас қылыштың жүзіндей өткір мінезі, патша көңілі, кісі көңілін жадыратар кісілік қасиеттері ел жүрегінде қалды. Ең бастысы, бір ауылды аузына қаратқан Әлжан ана — саналы зердесімен, аялы алақанымен, ақыл-парасатымен, мейірімді жанарымен, аналық жүрегімен тәрбиелеген Сұлтанын қазақ елінің маңдайындағы жарық жұлдызын, жүз жылда бір туар ұлын, дара тұлғасын, еліне Елбасын сыйлаған алтын құрсақ ана. Бүгінде елімізде «Әлжан ана» атындағы балабақшалар өмірге келуде. Бұл ана есімінің мәңгілік екенін көрсетеді. Бойындағы жастық отын сөндірмей өткен қасиетті Әлжан ананың жарқын бейнесі әлемдегі ұлы аналардың символындай болып тарихпен бірге жасай бермек.

Almaty-akshamy
01 желтоқсан 2019 ж. 14 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области