Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » Тұрар ӘБУОВ: Сан алуан діни конфессиялардың бірлікте өмір сүруі – оңай шаруа емес

Тұрар ӘБУОВ: Сан алуан діни конфессиялардың бірлікте өмір сүруі – оңай шаруа емес

Еліміздің тыныштық пен бірлікте өмір сүруі оны мекендеген түрлі этнос пен конфессия өкілдерінің арасындағы татулықтың нәтижесі. Елімізде ешкімді тілі мен діліне қарап бөлместен, барлық азаматтарға тең мүмкіндік берілген.
Қазақ халқы қашан да бейбітшілікті, татулықты, сыйластықты жақтап, басқаға әрдайым көмек қолын созуға дайын болған ел. Басынан қаншама қиын нәубетті күндерді кешсе де халқымыз мұндай игі қасиеттерінен ажыраған емес. Өз тағдыры тауқыметте тұрғанда қазақ халқы өз еліне жер аударылып, бас сауғалап келген ешкімнің де кеудесінен итеріп, құрдымға кетуіне жол берген жоқ. Бұл кім келсе де кең құшағын жайып қарсы алатын қазақтың қонақжай, кеңпейіл қасиетінің көрінісі.
Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейінгі экономикалық дағдарысты жылдары да халқымыз өзіне тән толеранттылық сипатын сақтай отырып, елде этносаралық және конфессияаралық келісім мәселесін назардан тыс қалдырмады. Өйткені, егемендіктен кейін елдігімізді қалыптастырып, тәуелсіздігімізді нығайту және болашаққа дұрыс бағыт ұстанудың жолы халық арасындағы бейбітшілікті сақтау, мәмілегерлікті қамтамасыз ету, татулық пен келісімді орнатудан бастау алатыны сөзсіз. Бұл елдің келешекке нық қадамдармен жол бастауына мүмкіндік беретін алғышарт болып саналады.
Еліміздегі ішкі саяси тұрақтылық, бейбіт өмір мен тыныштық Елбасының жүргізген сындарлы саясатының арқасында жүзеге асуда. Қазақстанда 130-ден астам этнос пен бірнеше конфессияның өкілі ауызбіршілікте өмір сүруі мемлекет басшысының дұрыс таңдаған саясатының нәтижесі.
Қазақстан – әлемдегі демократиялық елдердің бірі. Қоғамдағы азаматтық келісім мен саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуге, сонымен бірге, дінаралық қатынастарды реттеудің тиімді тетіктерін қалыптастыруға бағытталған саясаты бар.
Қазіргі таңда елімізде бірегей ұлтаралық келісімді қалыптастыру жөніндегі белсенді мемлекеттік саясатпен ерекшеленетін зайырлы мемлекеттің моделі қалыптасты. Осы модельді әлемдік қауымдастыққа әртүрлі халықаралық форумдар өткізу арқылы көрсетіп келеміз. Сол секілді Қазақстанның діндер арасындағы тұрақтылықты сақтаудағы ұмтылысында халықаралық қауымдастық жоғары бағалауда. Соның нәтижесінде еліміздің бас қаласында төрт мәрте: 2003, 2006, 2009, 2012, 2015 және 2018 жылдары әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының сиездері өтті.
Үш жыл сайын өткізілетін бұл шараның негізгі мақсаты діндер мен мәдениеттер арасындағы жаһандық диалогты баянды ету, діни қауымдар арасындағы өзара түсінік пен құрметті одан ары нығайту, араздық пен экстремизм идеологиясына қарсы тұра алатын толеранттылық пен өзара құрмет мәдениетін қалыптастыру болып табылады.
Сан алуан этностар мен діни конфессиялардың бір елде өзара бірлікте әрі бейбіт өмір сүруі өз-өзінен бола қалатын оңай шаруа емес. Шындығын айтсақ, мемлекетіміздің бұл істегі жинақтаған тәжірибесі дін саласындағы саясатының аса маңызды элементіне айналды.
Жақында Нұр-Сұлтан қаласында өткен ІІІ республикалық имамдар форумына қатысқан мемлекет және қоғам қайраткері, 2009 жылы ЕҚЫҰ-ның ісбасындағы төрағасының сол кездегі «Мұсылмандарды кемсіту және шеттетумен күрес» жөніндегі жеке уәкілі болған Әділ Ахметов Қазақстанның аталмыш ұйымға мүше мемлекеттерге көрсеткен үлгісін былай деп баяндайды: «Сырт көз сыншыл келеді» демекші, аталмыш Ұйымның іс басындағы төрағасының жеке уәкілі ретінде АҚШ-тағы мұсылман қауымының жағдайымен танысып, сондағы үкіметтік емес мұсылман ұйымдарының уәждерін АҚШ Конгресінің ғимаратында отырған Хельсинки комиссиясына баяндағанда көзім анық жетті. Әлгі елде орын алып отырған мұсылмандарды кемсіту мен шеттетудің нақты мысалдарын моншаққа тізгендей етіп, ағылшын тілінде баяндап едім, құрамының басым көпшілігі конгрессмендерден тұратын әлгі комиссияның мүшелері құлақ түріп тыңдады. Жарыссөз соңында комиссия мүшелері сұрақ қойып, біздің елдегі мұсылман және басқа діндегілердің құқықтарының сақталу дәрежесін білгісі келді. Мен көп ұлтты және көп конфессиялы Қазақстандағы ауызбіршілік пен татулықтың орнықтылығын, адамды кемсіту мен шеттетудің біздің елге жат қылық екенін және олай етуге Ата заңымыз – Конституцияның жол бермейтінін шегелеп айттым. Сөз соңында комиссия төрағасы ризашылығын білдіріп, Қазақстандағы ұлтаралық және конфессияаралық татулық жоғары деңгейде екенін жақсы білетінін және бұл тұрғыдан, Қазақстанның басқаларға үлгі мемлекет екенін жасырмады».
Бүгінде шешімін ертеңгі күнге қалдыруға болмайтын бірнеше мәселелер бар. Діни төзбеушілік, экстремизм мен лаңкестік әлі де болса әлемдік қауіпсіздікті сақтауға өзінің залалын тигізіп отыр.
Дінаралық бейбітшілік пен келісімді және діни толеранттылықты нығайту мақсатында халықтың діни сауаттылығын көтеру қажет. Халықтың діни сауаты мәселесімен бірге оның саяси сауаты, белгілі бір саяси мәдениеті мен саяси санасының дұрыс бағытта қалыптасуы қажет.
Жалпы, бірліктің жоғалып, алауыздықтың туындауы мемлекетке төнетін қауіп екені бұрынғы тарихымызда дәлелденген. Бұл туралы ата-бабаларымыздан қалған, бірліктің, ынтымақтың маңыздылығын айшықтайтын нақыл сөздер жеткілікті. «Бірлік бар жерде тірлік бар», «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді. Төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деген ұлағатты сөздер ұлтымыздың бірлікке, тұтастыққа қаншалықты мән бергенін аңғартса керек.

Тұрар ӘБУОВ,
дінтанушы.
04 қараша 2019 ж. 21 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области