Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » Атыраудағы аламан бәйгеде жеңімпаз атанған алматылық «Қоянқасқа» неге Қызылорданың атынан қатысқан?

Атыраудағы аламан бәйгеде жеңімпаз атанған алматылық «Қоянқасқа» неге Қызылорданың атынан қатысқан?

Kyzylorda-news.kz. Атырау облысында өткен "Алтын тұлпар" аламан бәйгесінде Қызылорда облысының атынан қатысқан Қоянқасқа есімді жүйріктің дара келгені белгілі. Осы бәйге кезінде аламаннан ат оздырған бапкер, Қоянқасқаның иесі Қайрат Махановпен белгілі спорт журналисі Ержан Жаубайдың жасаған сұхбатын назарларыңызға ұсынып отырмыз.
- Қоянқасқаның биылдыққа алып тұрған үлкен бәйгесі осы ма?
- Бұл емес. Қоянқасқа жуырда Ақтауда екі бөлмелі пәтер ұтты.
- Ол қай бәйге еді?
- Сисем атаның асында.
- Онда қанша шақырымға шапты?
- 36 шақырымға шапқан болатын. Сол бәйгеде жеке-дара келіп, бас жүлдені алды. Одан басқа да бірнеше бәйгеден ақшалай жүлде ұтты. Бірнеше бәйгеден көлік ұтты. Құдайдың бұйырғанын алып жатырмыз.
- Қоянқасқа 2017 жылы "Алтын тұлпарда" екінші орын алғанын көрдік. Оған дейін ұтқан үлкен бәйгелері қандай еді?
- Ұлытау ауданының 90 жылдығын, Ақтоғай ауданының 90 жылдығын, "Жетісу жүйрігін" ұтты. Жалпы былтыр 6 машина ұтты.
- Құлынынан қолыңызда өскен мал ма?
- Жоқ. Жасыратын несі бар, бұны сатып алдым.
- Қай жақтың тумасы?
- Алматы облысында, Жаркентте туған.
- Қандай тұқымға жатады?
- Бұл – англо-араб. Әкесі – "Барыс" деген айғыр. Кезінде үлкен бәйгелерді ұтқан. Соның бел баласы.
- Жүйріктің тұқымы екен ғой?
- Иә. Енесі – "Періште" атты арабы бие. Әкесінің тұқымы да англо-араб. Қоянқасқа Қазақстанда туған. Қолтума. Биыл жасы – жетіден сегізге шықты.
- Жылына неше жарысқа қосасыз?
- Өткен жылы 9-10 бәйгеге түстік. Сол 9-10 бәйгенің бір-екеуінде ғана үшінші орын, ал 3-4-інде жүлделі бірінші орынды иеленді. Негізгі үлкен бәйгенің барлығында маңдайы жарылып, бірінші келіп жүр.
- Негізгі атбегі өзіңіз бе?
- Иә. Бірақ қасымда көмекші балалар бар. Мен ат иесімін.
- Мамандығыңыз қандай?
- Жеке кәсіппен айналысамын. Жеке шаруашылық бар, соның басы-қасында боламын.
- Бұған дейін Алматының атынан қатысатын едіңіздер, осы жолы Қызылорданың атынан қатыстыңыздар ғой?
- Қызылорданың атынан қатысқан себебіміз Қызылордада тұратын Бердібек деген ағамыздың атынан қостық. Менің атым не, оның аты не, бәрі бір ғой. Бұрын өз атымнан шауып жүрген, туған ағам болғаннан кейін, осы жолы сол кісінің атынан қосып отырмын.
- Шабандоз бала туралы айта кетсеңіз?
- Шабандоз бала, сол өзіміздің Ұзынағаш ауылының баласы.
- Бұған дейін де Қоянқасқаға шауып жүріп пе еді?
- Иә. Өткендегі екі бөлмелі пәтерді ұтқанда да осы бала шапқан болатын. Одан басқа да бірнеше бәйгеде тақымы құтты болды. Бірақ өткен жылғы бәйгелерде басқа бала шапқан.
- Қоянқасқадан басқа ат бар ма?
- Бұдан басқа, өздеріңіз білесіздер, былтыр осында (Атырауда – ред.) "Дарабоз-2018"-ді ұтқан Аспархан деген атым бар.
- Аспархан Қоянқасқаның ағасы дейді...
- Жоқ, ол жалған сөз. Аспарханның бұған қатысы жоқ. Бірақ тұқымдары ұқсайды. Екеуі де англо-араб.
- Биыл Аспархан көп бәйгеге қосылмаған секілді?
- Ол қазір қолда тұр. Бірнеше бәйгеге қосылды. Екібастұз қаласында қаза күніне орай өткен бәйгеде аламанды ұтты.
- Қоянқасқадан тұқым бар ма?
- Әлі туған жоқ. Үйірге қосқан жоқпыз.
- Сізді танытқан осы Аспархан мен Қоянқасқа. Бұл екеуінен басқа жүйріктер ұстадыңыз ба?
- Ұстадым. Жалпы бапкерлікпен айналысып жүргеніме 20 жылдан асты. Басқа жүйріктермен де талай-талай жүлделерді ұтқанбыз.
- Қазір қайда тұрып жатырсыздар?
- Алматы облысы, Жамбыл ауданының орталығы Ұзынағаш ауылындамыз.
- Тәрбиелеп отырған тай-құнандар бар ма?
- Әрине бар. Тай-құнандар бар, осы Қоянқасқаның өкшесін басып келе жатқан іні-қарындастары бар.
- Олар тура өз құрсақтастары ма?
- Жоқ. Аталас, енесі жағынан қан араластары бар.
- Осы "Алтын тұлпармен" тоқтатасыз ба, әлде алдағы бәйгелерге де қосасыз ба?
- "Алтын тұлпар" басталғалы бері ат оздырсам деп армандап жүрген бәйге еді. "Алтын тұлпарды" ұту ат ұстағанның бәрінің арманы деп ойлаймын. Адағы уақытта бәйгеге қосар, қоспасымызды аттың күйі біледі.
- Қоянқасқа мұндай үлкен аламаннан кейін қанша уақытта қалпына келеді?
- Бір апта, кейде 10-15 күнде келесі бәйгеге дайын болады.
- "Алтын тұлпарға" қанша уақыт дайындадыңыз?
- Арнайы дайындық үшін Атырауға келіп жатқанымызға бір ай болды. Осында дайындалып жатырмыз.
- Сисем атаның асынан кейін қайтпаған екенсіздер ғой?
- Иә, сол астан кейін бірден осында келдік. Негізі "Дарабозды" көздеп келгеміз. "Алтын тұлпардың" да осында өтетінін естіп, дайындықты бастап кеттік. Құдайға шүкір, ол еңбегіміз еш кетпеген екен.
- Жүйріктің қысқы бабы қалай болады?
- Жалпы аттың бәрі қыста мініледі ғой. Тек Қоянқасқа ғана емес, қыстай барлық атты мінеміз. Жүйрікті баптауда міндетті түрде қысқы дайындық, қысқы бабы болуы керек.
- Мысалы қысқы бап кезінде не істейсіздер? Аң қуасыздар ма?
- Аң қумаймыз. Бірақ алыстау-алыстау мініп, тау-тасқа шығарып, қар кештіреміз. Бір сөзбен айтқанда атты көп мініп, әбден пісіреміз. Бұлар да спортшылар секілді, үнемі жаттығуда болуы керек.
- Атбегілікте өзіңіз ұстанған бір ерекшелік, құпияңыз дейікші, бар ма ондай тәсіліңіз?
- Әрине, онсыз болмайды ғой. Әр атбегі өз атының үлкен жүлдені, "Алтын тұлпар" сияқты айтулы бәйгені ұтқанын қалайды. Ал ондай жетістікке жету үшін тынбай еңбектену керек. Қоянқасқаны өздеріңіз білесіздер, бұл – халықтың аты. Тек менің жүйрігім емес. Бұны халық жақсы көреді. 2017 жылдан бері қай жерге бәйгеге бармайық, халық артынан жүгіріп жүреді. Суретке түсейік, өз көзімізбен көрейік деп өтініш жасайтындар да көп. Осы күнге жетіп, жүлдеден жүлде алып жатқанымыздың өзі халқымыздың ізгі тілегінің жемісі деп ойлаймын.
- Әңгімеңізге рахмет!
04 қараша 2019 ж. 16 0
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области