Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » Арал ауданындағы мектептерде «Эко-сағат» өтіп жатыр

Арал ауданындағы мектептерде «Эко-сағат» өтіп жатыр

Kyzylorda-news.kz. Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күніне орай еліміздің Экология, геология жəне табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев барлық мектептерде «Эко-сағат» кең көлемді акциясы басталатындығын хабарлаған болатын.
Бүгін ауданға қарасты барлық ауылдық округтер мен қала мектептерінде жас ұрпақты табиғи ресурстарға ұқыпты қарауға тарту, экологиялық тұрғыдан саналылыққа тәрбиелеу мақсатында экологиялық сағат өткізілді.
№83 орта мектебінде «Мұхиттар қауіпті жағдайда» тақырыбында өткен «Эко-сағатқа» аудан әкімі Мұхтар Оразбаев қатысты.
Сабақ барысында оқушыларға қазіргі уақытта мұнай өндіру, ірі кәсіпорындар мен заводтардың көбеюі салдарынан әлемдік мұхиттың тепе-теңдігі бұзылып, ластануы, балықтардың қырылу жағдайлары орын алып жатқандығы тәжірибе арқылы түсіндірілді.
Сондай-ақ, аудандағы Қамбаш көліне келген демалушылардың қоқыс қалдықтарын бей-берекет тастап, қоршаған ортаға зиян келтіру әрекеттері жөнінде мысалдар келтірілді. Оқушылар қоршаған ортаның ластану мәселелеріне байланысты өз пікірлерін білдірді.
Эко-сағатта оқушылармен табиғатқа, туған өлкеге ұқыпты қарау, табиғи және су ресурстарын сақтау, өсімдік және жануарлар әлемін, сақтау мәселелері кеңінен талқыланды.
Сабақ соңында аудан басшысы экосағаттан алған әсерімен бөлісіп, Жер-Ананың берген сыйын қорғау баршамызға ортақ міндет екендігін атап өтті. Сонымен қатар, оқушылармен бірге мектеп ауласына ағаш отырғызды.

03 қазан 2019 ж. 83 0
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области