Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » Қазалыдағы көпірлердің құрылысы қалай жүріп жатыр?

Қазалыдағы көпірлердің құрылысы қалай жүріп жатыр?

Kyzylorda-news.kz. Қазалы ауданының халқы көктем мен күз мезгілінде Сырдария өзенінен сең жүруінен қиындық көретіні белгілі. Көпірлердің сапасы сын көтермейтіндіктен бұл жылдар бойы шешімін таппай келе жатқан мәселеге айналған-ды. Бірақ соңғы уақытта көпір жөндеу жұмысына баса ден қойылып, елді мекендермен байланыстыратын өткелдердің жай-күйі тұрақты бақылауға алынды.

Мәселен, Абай ауылындағы Сырдария өзені бойындағы қалқымалы көпірді күтіп ұстау мақсатында «Қазалы Жолаушы» серіктестігімен келісімшарт жасалып, орын алуы мүмкін кедергілер еңсерілді. Ал Қарлаң өткелі аудандық қаржы бөлімі арқылы мемлекеттік мүлікті сенімгерлік басқару шарты негізінде «Қазалы Жолшы» мекемесіне басқаруға берілді.
Кейбір көпірлерге жыл сайын жөндеу жұмыстары жасалып тұратынына қарамастан істен шығып қалатыны тұрғындар арасында көп талқыға түседі. Аталған мәселені шешу мақсатында тиісті сала мамандары Әлсейіт көпірінің құрылысын қолға алды. Бұл көпір ағымдағы жылы пайдалануға берілуі мүмкін. Ал Бірлік ауылы маңындағы «Қарлаң» учаскесіне автомобиль көпірін салу үшін көпірдің техника экономикалық негіздемесін алуға облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, қазіргі таңда тиісті мамандандырылған мекемелер тарапынан зерделеу жұмыстары басталып кеткен.
Бұдан бөлек «Қожабақы-Бекарыстан би» аудандық маңыздағы автомобиль жолының 25 шақырымындағы темір-бетон көпірін қайта жаңғырту бойынша бюджеттік өтінім жасалып, бөлінген қаржы көлеміне қарай «Жылу ХХІ» мекемесі жоспар бойынша құрылыс жұмыстарын жүргізуде.
Жалпы аудан бойынша жолдарды жөндеуге, күтіп ұстауға жыл сайын қыруар қаражат бөлініп келеді. Дегенмен жаңадан салынған, жөндеуден өткізілген жолдардың сапасы жайында сын айтушылар көп екені жасырын емес. Жауапты мекеме мамандары аудан әкімі, облыстық және аудандық мәслихат депутаттары жол сапасының жоғарғы дәрежеде жасалуын қатаң бақылауда ұстап отырғандарын жеткізді.
30 қыркүйек 2019 ж. 37 0
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области