Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » Тоқаев Қытайда Ақжарқын Тұрлыбайдың мәселесін көтерді

Тоқаев Қытайда Ақжарқын Тұрлыбайдың мәселесін көтерді

Kyzylorda-news.kz. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайға сапарында отандасымыз Ақжарқын Тұрлыбайға қатысты жеке өтінішін жеткізді. Бұл туралы бүгін президенттің көмекшісі Мұрат Нұртілеуов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Оның айтуынша, Қытайға жол жүргелі жатқанда мемлекет басшысына Ақжарқын Тұрлыбайдың анасынан өтініш түскен.
"Осыған орай президент Бейжіңдегі кездесулерде Қытай тарапына өзінің жеке өтінішін жеткізді. Бұл мәселе жан-жақты талқыланды. Оның нәтижелері бойынша Сыртқы істер министрлігі арқылы осы жұмысты жалғастыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Мемлекет басшысы өз тарапынан үлкен көңіл бөліп отыр. Сондықтан сапар нәтижесі бойынша берілетін тапсырмалар тізіміне отандасымыздың тағдырына қатысты мәселе арнайы пункт ретінде кіретін болады", - деді Нұртілеуов Қазақстан президентінің Қытайға сапарының қорытындысына арналған баспасөз мәслихатында.
Қазақстан азаматы Ақжарқын Тұрлыбай 2014 жылы наурызда Гуанчжоу әуежайында ұсталған болатын. Оған шекарадан 4,5 келі есірткіні алып өтпек болды деген айып тағылды. Ол кезде отандасымыз 20 жаста болған еді. 2015 жылдың маусымында Қытай соты оны өмір бойына бас бостандығынан айырды. Сотта Ақжарқын шетелдік досы алдап кеткенін айтып, кінәсін мойындаған жоқ.
2016 жылы сот шешімі жойылып, іс қайта қарауға жіберілді. Биыл 3 қыркүйекте Қытайдың Гуанчжоу қалалық сотында Ақжарқын Тұрлыбайдың ісі бойынша отырыс өтті. Отырыста қорғаушы тарап ұсынған қылмыстық іс материалдары қаралды. Үкімнің қашан жарияланатыны белгісіз.
Ал 9 қыркүйекте отандасымыздың анасы Зухра Сейтімова Қазақстан Президентіне көмек сұрап хат жазғаны хабарланды.

13 қыркүйек 2019 ж. 100 0
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области