Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » Әйелдің жүрегін салғызған қызылордалық азаматтың қазіргі тағдыры қалай өрбіген?

Әйелдің жүрегін салғызған қызылордалық азаматтың қазіргі тағдыры қалай өрбіген?

Kyzylorda-news.kz. Астаналық дәрігерлер 2014 жылы Қазалы ауданының тумасы Азат Көптілеуовтің жүрегін ауыстырып, оған әйел адамның жүрегін салады. Жерлесіміздің сол оқиғадан кейінгі қазіргі тағдыры туралы «Қазалы» газетінің тілшісі Ұлбосын Талапбаева жазған.

Қазалылық Азат Көптілеуов 2007 жылы ел астанасы – Нұр-Сұлтан қаласына келді. Осында электрмен дәнекерлеуші болып еңбек етті. Ай артынан ай, жыл артынан жыл жылжып, уақыт зулап өте берді. Астаналыққа айналған азамат Назерке есімді арумен бас құрып, жас отбасы үй салуға талап қылды. Елорда маңынан жер учаскесін сатып алып, құрылысқа кірісіп те кеткен еді. Алайда «үй тұрғызамын» деген арманы аяқсыз қалды.
2014 жылдың мамыр айынан бастап отағасы Азаттың аяқ асты мұрнынан, аузынан жиі-жиі қан ағып, аяқтары ісініп, денсаулығы сыр берді. Үнемі жанынан табылатын досы Болатбекті Азаттың бұл күйі алаңдатып, дәрігерлерге тексерілуге алып барды. Жан-жақты бақылап көрген ақхалаттылар ультрадыбыстық тексеруден өтуге кеңес берді. Бұған дейін өз ауруын сезбеген Азат алғашында таңырқап қалды. Денсаулық қамын күйттеп, Нұр-Сұлтан қаласындағы «Ана мен бала» орталығы табалдырығынан аттады. Осындағы ультрадыбыстық зерттеу қорытындысы нәтижесінде жүрегі минутына 19 рет ғана соғатыны анықталды. Дәрігерлер дереу ағзаны ауыстыру керек деген шешімге келді. Себебі қалыпты жағдайда адам жүрегі минутына 60-80 рет соғуы тиіс болатын. Сөйтіп донор іздеу қолға алынды. Кеуде тұсына аппарат орналастырылып, жүрек табылғанша шыдамдылық танытуға тура келді. Арада бес ай өткенде Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлттық ғылыми кардиологиялық орталығынан дәрігерлер хабарласып: «Азат, сіз дайын отырыңыз. Кез келген уақытта отаға шақырып қалуымыз мүмкін», – деді. Бұл жағымды жаңалыққа қуанып қалды. Дегенмен донор табылып, тура ота жасалар сәтте жүрегі өрекби соғып, бойын біртүрлі сезім биледі. Қажетті қағаздармен танысып, қол қойды да, Аллаға өзін аманаттап, нар тәуекелге бел байлады. Ота үстелінде қанша уақыт болғаны белгісіз. Өмір мен өлім арасында жатқан Азаттың көз алдынан өткен өмірі жіпке тізгендей жылжып өтті.
Жолдасының жайын білмекке реанимация бөлмесіне кіруге рұқсат алған Назеркеге дәрігерлер: «Науқас не айтса да, «иә» деп жауап беруге» кеңес береді. Ес-түссіз арухана төсегінде жатқан Азат жары кіргенде: «Балаларды қайда тастап кеттің?» деп сұрайды. Алайда жас шаңырақтың әлі балалары жоқ еді. Дәрігердің ескертуі есіне түскен Назерке дереу есін жиып алып: «Тәтенің үйіне», – дейді. Азат тағы да тілге келіп: «Біздің баламыз төртеу ғой, екеуін тәтенің үйіне тастасасаң, қалған екеуі қайда?», – деп сұрағанда шошынып қалса керек, айтарға сөз таппай күмілжіп қалады. Азат тағы ұйқыға кетеді. Бұл оқиғаға қатысты Азат былай дейді.
– Маған әйел адамның жүрегі салынды. Ол кісінің төрт перзенті бар екен. Менің төрт бала туралы сұрауымның себебі осында жатқан секілді. Дәрігерлер донор жүректің иесі ұлты – орыс, өзі қостанайлық екенін ғана айтты. Отбасымен араласып тұрмақ ниетім болып, қанша сұрасам да ол кісі туралы толық мәлімет бермеді. Міне, қазір кеудемде өзге жанның жүрегі соғып тұрғанына да бес жылға жуықтады. Алғашында бейімделу қиынға соқты. Тіпті донор келіншектің өміріндегі кейбір жайттарды көрмесем де, сезіп-білетінмін, – дейді Азат Көптілеуов.
Қазақстанда тоғызыншы болып жүрегін ауыстырған азамат жуырда қоныс тойын тойлады. Кездескен қиындықтарға мойымай, алға қарай қадам басқан қайсар жанның өмірге деген құштарлығы мен болашаққа сенімі берік. Бастаған ісін жалғастырып, жаңа қонысқа кірген жігіт ағасының қуанышына ортақтасып, құтты болсын айтушылардың қарасы көп. Олардың қатарында қазалылық азаматтардан құралған қайырымдылық қорының мүшелері де бар.
– Әуелі Алла, содан кейін дәрігерлерге айтар алғысым шексіз. Сонымен бірге елордадағы қазалылық азаматтардың бастамасымен құрылған қайырымдылық қоры көмекке мұқтаж жандарға әрқашан қолұшын беруге даяр тұрады. Қаршыға есімді ақсақал басын біріктірген бірнеше азамат үйімізге келді. Қаржылай көмегімен бірге жылы лебіздерімен көңіліме қанат бітірді. Қатты қуанып қалдым, – деген Азат Көптілеуов жерлестеріне ризашылығын білдірді.
Қайырымдылық қорының мүшелері бірнеше жылдан бері елорда төрінде жыл сайын Наурыз мерекесін кең көлемде тойлап, Рамазан айында мешітке ауызашар беруді әдетке айналдырған. Әсіресе, Бауыржан Оралбаев, Болатбек Ахметов, Сейілхан, Асқар, Бертай, Ғани – қордың белсенді ұйымдастырушылары. Айтпақшы, қайырымдылық қорының құрамында Азаттың өзі де бар. Әрдайым жақсылық жасауға әзір тұратын бүгінгі кейіпкеріміз «Ауызбіршілік болса, алынбайтын асу жоқ», – дейді.
14 тамыз 2019 ж. 18 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области