Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » Аңызға бергісіз ғұмыр

Аңызға бергісіз ғұмыр

Kyzylorda-news.kz. Ана – осы бір небәрі үш әріпке сыйып тұрған ұлы есім. Тіпті Алланың өзі ананың құдіретін қалай сипаттаған десеңші?! «Жұмақтың кілті – ананың аяғының астында» деп анаға деген құрметтің қаншалықты биік болуы керек екенін айқын көрсетіп отыр емес пе?
Ел басына күн туғанда ерлермен бірге иық тірестіріп елдің қамы үшін жан беріп, жан алысқан абзал жандар. Тағдырдың талай тезінен өтіп, балалары үшін небір ауыр азапқа түскен аналарымыз қандай құрметке болса да әбден лайық. Сонау соғыс кезінде ата-бабаларымыз туған жері үшін жаумен арпалысқанда тылда еңбек етіп, соғыстағы жарының міндетін қоса орындап, бала-шағаны асырап жеткізумен қатар, соғысқа киім-кешек, азық-түлік жіберіп жатты. Сынаптай сырғып өткен уақыт шіркін зуылдап, біріне ерте, біріне кеш келетін ажал дейтін жалмауыздың құрығына түскен жандар қаншама?
Табаны тілінгенше қызмет етіп, бейнетпен ел тәуелсіздігіне жеткен ардагерлеріміз жыл өткен сайын азайып келеді. Осы тұста зұлмат заманды көзімен көріп, оның бел ортасында еңбек еткен бір жан бар. Ол – қос ғасырдың куәгері, тыл ардагері Әсемкүл Бержанова. Батыр ана 1930 жылы 1 қаңтарда Жалағаш ауданы Ақарық ауылында дүниеге келген. Жастайынан еңбекке араласып, 11-15 жасында тылда еңбек етіп, елі үшін аянбай тер төкті. Ол ерте есейіп, жастайынан өмірдің кермек дәмін татты. Үлкендермен қатар ауыр еңбекке жегіледі. Арада біраз уақыт өтіп, тұлымы желбіреген жас қыз 1950 жылы ауданымызға қарасты Ақжарма ауылының тумасы Айтбай Бержановқа тұрмысқа шығады. 1951 жылы қой бағып, мал жайлымы үшін жаз жайлау, қыс қыстауға көшіп отырды. Ол жұмыстың қай түрінен болсын бас тартпады, еден де жуып, аспаз да болды. 1980 жылы қой бағуға қайта шығып, қатарынан алты жыл осы жұмыспен айналысты. Ол өз ісін адал және тиянақты атқарды.
Орта жасқа келгенде жұбайынан айрылып, барлық жауапкершілік Әсемкүл әженің өзіне қалады. Ал қазір Батыр ананың 8 перзентінен 40 немересі, 58 шөбересі бар. Ел ертеңі үшін аянбай еңбек еткен Батыр ана ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, қазір немерелері мен шөберелерінің ортасында, шат шадыман бақытты өмір сүруде. Қос ғасырдың куәгері, елінің құрметті, ер мінезді еңбек ардагері бүгінде 89 жасқа толды. Анамыз өзінің ұзақ жасауының сыры ғұмыр бойы адалдықты ту етіп, тағдырдың кез келген сынағына мұқалмай жеңіп шыққан ерік-жігерінің арқасында жеткенін айтады. Қарттығына қарамастан әлі күнге тың, әрі тіршілікке қабілетті ана қазірдің өзінде инені көзәйнектің көмегінсіз сабақтап, түрлі бұйымдар тігеді. Тіпті бір таңқаларлығы, әжейдің күш қуаты күбі пісіп, құрт қайнатуға жарап тұр.
«Қарты бар үйдің қазынасы бар» дегендей алтын қазыналарымыз әрдайым аман болсын. Қарттарды қадірлеу әрбір қазақтың ұл-қызының қастерлі міндеті екенін естен шығармайық.


12 шілде 2019 ж. 126 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области