Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » ШЫНЫ ӨНДІРІСІНІҢ ШЫҒАР БИІГІ

ШЫНЫ ӨНДІРІСІНІҢ ШЫҒАР БИІГІ


    Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев облысымызға жұмыс сапары барысында Қызылорда қаласының Титов қыстағындағы индустриялық аймақта салынып жатқан шыны зауытының жұмысымен танысқан болатын. Аумағы 4 футбол стадионына тең келетін бұл зауыттың бүгінгі қарқыны қандай? Мамандар айтқандай, алдағы жылы пайдаланылуға беріле ме? Осы мәселелердің анық-қанығын білу мақсатында аталған зауытта арнайы репортаж жасап, ондағы құрылыс жұмыстарын бағамдап қайттық.
    Шыны зауытының орналасқан аймағы «Шығармашылық үйінен» қашық болғандықтан, ертемен аттануға тура келді. Қоңыр күздің таңы салқын. Сол себепті, киіміміз де қалың. Дегенмен, біз Титов қыстағындағы индустриялық аймаққа жеткенше қазанның «кемпір шуақты» күні ысып сала берді.
    Межелі орынға барғанша бұл зауыт туралы өзіміз білетін, мерзімді басылымдарда жарияланған мақалалардағы мәліметтерді екшеп шықтық. Жалпы, жылдық қуаты 197 мың тонна өнім шығаруға жететін зауыт құрылысы 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы шеңберінде қолға алынған болатын. Бастамашысы «Orda Glass LTD» ЖШС. Ағымдағы жылдың мамыр айында Пекин қаласында «Бір белдеу, бір жол» Халықаралық форумы өткені белгілі. Дәл осы форумда Қазақстан мен Қытай мемлекеттері басшыларының кездесуі аясында қытайлық «Чайна Триумф» компаниясы мен «Orda Glass LTD» серіктестігі арасында меморандум жасалды. Осыдан соң шілде айында құрылыс-монтаж жұмыстарын бірлесе атқару жөніндегі келісімге қол қойылды.
    Иықтарына фотоаппараттарын асынып, диктофондарын ұстап, қалам, қағаздарын дайындап келе жатқан тілшілер қауымын «Orda Glass LTD» ЖШС-ның құрылыс жөніндегі директоры Бегалы Тоқаев күтіп алды.
    – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев облысымызға сапары барысында шыны зауытының жұмысымен танысты. Мемлекет басшысымен кездесуден құрылысшылар ерекше әсер алды. Қазір зауыттағы құрылыс жұмыстары айтарлықтай алға жылжыды. Мұндағы жұмыс қарқыны да күшейе түсті, – деді ол.
    Сырттан қарағанда шыны зауытының аймағында ешкім жоқ сияқты көрінеді екен. Күзетшілер бекетінен өткен соң қайнаған тіршіліктің ортасына тап боласың. Шыны дайындауға арналған зауыттың құрылымдық бөлігі темір құрсаумен құрастырылуда. Қауіпсіздік үшін басымызға арнайы бас киім киіп, жұмысшылардың арасына еніп кеттік. Арғы беті мен бергі беті анық көрінетін темір құрсаулы аймақтың тепкішегімен жоғары қарай көтеріліп, әр қабатта қандай жұмыс атқарылғанын сұрап жүрміз.
    Бұл жұмыстармен «Stewart Engineers» компаниясының жоба менеджері Ернар Бейсенов таныстырды. Ол: «Мамандар тынымсыз тірлік етуде. Қазір дәнекерлеу жұмыстары жүріп жатыр. Америкалық супервайзер Патрис Трефо өз тәжірибесімен бөлісуде», – деді. Одан бөлек монтаждаушы Қалмұхаммед Әбдрахманов пен прораб Рустам Әбдразақов сынды қызметкерлермен де әңгімелесудің сәті түсті. Олар Елбасы сапарынан кейін мұндағы жұмыстың қарқыны бұрынғыдан бетер күшейгенін жеткізді.
    Қойма ішінде осы зауытта болашақта іске қосылатын техникалар тұр. Қаз-қатар тізілген құрылғылар АҚШ, Италия, Бельгия, Финляндия елдерінен әкелінген. Тіпті, шыны жинайтын роботтар да сақадай сай көрінеді. Мамандар мұндағы құрылыс жұмыстарын межеленген мерзімінде аяқтаймыз деп отыр. Ана басы мен мына басы ат шаптырым аумақты алып жатқан қоймада да қыруар тірлік атқарылуда. Мұндағы жұмысшылар арматураны иіп, бірінебірін жалғаса, енді бірі соларды дәнекерлеуде. Одан сәл әріректе бетонды еден құйылуда.
    – Өздеріңіз көріп тұрғандай, толассыз жұмыс атқарылуда. Құрылысшылар барын салып еңбектенуде. Әсіресе, Қаржаубай Фазылбеков, Егемберген Ержанов, Сұлтанбай Бадамбаев, Әділхан Байтілеуов секілді қызметкерлерді жұртқа үлгі етуге болады, – деді Айтбай Рүстемов есімді бригадир.
    Иә, шыны зауытының құрылысы қарқын алғанын өз көзімізбен көрдік. Бұл зауытты алдағы 2018 жылдың алғашқы жартыжылдығында іске қосу жоспарланып отырғанын айта кеткен жөн. «Orda Glass LTD» ЖШС құрылыс жөніндегі директоры Бегалы Тоқаевтың айтуынша, қазір мұнда АҚШ, Финляндия және Қытайдан қажетті жабдықтың 96 пайызы жеткізілген. Мамандар металл бөлшектерін құрастыруда. Ресей, Өзбекстан мен Түркия ықтимал өнім пайдаланушылар қатарында болып отыр. Отандық мамандар қытайлық әріптестерімен бірге күн батареялары, смартфондар мен планшеттерге арнап өте нәзік шыны шығаратын зауыттың екінші кезеңін жалғастырмақ. Мұнда 300 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Бұған қоса бұл зауыт толыққанды іске қосылған жағдайда соңғы технологиялармен жабдықталған әлемдегі үшінші зауыт болмақ. Бұған дейін мұндай зауыт тек Жапония мен Қытайда ғана болған. Тіпті, Орталық Азияда теңдесі жоқ өндіріс орны болатынын да тілге тиек еткен абзал.
    Азиз БАТЫРБЕКОВ, «СБ».

17 қазан 2017 ж. 695 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2020    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области