Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » Қызылордада қаланың балалары ауылда өмір сүріп көрді (ФОТО)

Қызылордада қаланың балалары ауылда өмір сүріп көрді (ФОТО)

Kyzylorda-news.kz. Жазғы демалыс кезінде жастардың бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында облыс аумағында әртүрлі лагерь, сауықтыру кешендері жұмыс жүргізеді. Соның бірі – «Қамбаш» олимпиадалар және қосымша білім беру орталығы. Жақында мұнда облыстық білім басқармасы «Дарын» қосымша білім беру орталығының ұйымдастыруымен «Өзекті ауыл өмірі, қарбалас қала тірлігі» атты алты күндік саяхат басталды.

Оқушылар бойындағы қарым-қатынас мәдениетін дамытып, адамгершілікке, мейірімділікке баулу арқылы патриоттық сезімді ояту. Жобаға 8-10 сынып аралығындағы облыстағы білім беру мекемелерінен келген оқу озаттары мен қоғамдық жұмысқа белсене араласып, көзге түскен жеткіншектер қатысты. Жалпы саны 50 оқушы қамтылған шарада бес үйірме жұмыс істеді. Олар 5 ұл, 5 қыз баладан құрылған командалық топтарға бөлінген. Алты күн аралығында бұл топтар ұн, сүт, жүн өнімдерін ұқсатып, ағаштан түрлі бұйымдар жасау, ұлттық ойындар бағытына негізделген үйірмелерге қатысты.
Қаланың өмір сүру жағдайында қалыптасқан жас өскіндер ауыл халқының тыныс-тіршілігіне араласып, өздері біле бермейтін істерге ықыласпен кірісті. Екінші күні саяхатшылар Ақбай ауылындағы «Аралқұс» шаруашылығында болды. Мұнан соң ауылдағы бағбандардың қайнаған тіршілігіне көмектесіп, бақша суарып, шөп отады.
Бірде сорбеткей ауылына бағыт алып, онда сүт, ет өнімдерінің технологиясымен танысты. Қыздар сүзбе даярлап, қамыр илеп, бауырсақ пісіріп қазан-ошақтың жанында жүрсе, ер балалар жантақ шауып, малды өріске жайды.
Лагерь алаңында қазақ халқының тұрмыстық салт-дәстүрлеріне арналған тренинг, ауыл экономикасы туралы ой-толғау, пікірталас ұйымдастырылды. Балалардың көтеріңкі көңіл-күйде жүруі үшін би кештері, пародия, өлкенің әсем мекеніне арналып түсірілген фото, видеобайқаулар жарияланып, топ мүшелерінің белсенділігі сыналды.
Біз саяхаттың бір күндік өмірімен танысып, 28 тамыз күні лагерь алаңында жасақталған «Өзекті ауыл өмірі» көрмесін тамашаладық. Мұнда қатысушылар үйірме жұмысының нәтижесімен бөлісіп, аз уақыттың ішінде көңілге түйген тәжірбиелерін көрсетті. Бойжеткендер жүн түтіп, сүт өнімдерінен дайындаған тағам түрлерінен дастарқан жайды. Бозбалалар ләңгі теуіп, асық ойнап, арқан тартысып, ұлттық ойынның көркін келтірді.
Шара соңында жетекшілер «Ауыл кеші көңілді» айдары аясындағы сайыста үздік өнер көрсеткен оқушыларға алтын сақа тапсырды. Үйірме мүшелері де демалыстан алған әсері мен ұйымдастырушыларға деген алғыс жазылған хаттарын киіз үйге ілінген қоржынға естелікке қалдырды. Қызылорда облысы «Дарын» қосымша білім беру орталығы директорының орынбасары Гүлжаһан Ізбасарова:
– Жоба биыл екінші жыл қатарынан жалғасын тауып отыр. Ауыл өмірінің өзгешелігін түсініп, еңбекке бел буа кіріскен оқушылар саяхаттың нәтижесінде көп нәрсе үйренді. Ұлдар ұсталық өнерге қызыға атсалысып, пішен орып, төрт түлік малды өріске өрбітсе, қыздарымыз ине ұстап, ісмерлікке үйренді. Біздің де мақсат жасөспірімдерді бір бағыттағы кәсіпке бейімдеу, жастардың тұлғалық қасиеттерінің толысуына ықпал жасау болып табылады, – деген ойымен бөлісті.
Саяхаттан алған тәжірбиесі мен әсері туралы Е.Әуелбеков атындағы №4 облыстық дарынды балаларға арналған мектеп интернатының оқушысы Алтынай Қайрат:
«Аз уақыттың ішінде көп тәжірибе жинадық. Осы аймақтағы тарихи-мәдени ескерткіштерді аралап, жақынырақ танып білдік. Күн сайын ауылдарда болып, сиыр сауып, айран сүзіп, құрт қайнатудың сырына қанықтық. Алты күн аздық етті, келесі жылы да келуге тырысамын», – деді.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасын дамыту шеңберінде өткен жобаның жеткіншектерге берері көп. Жаңа оқу жылы алдында ерекше серпіліс алған шәкірттердің, ізденіс пен білім жолына белсене кірісері сөзсіз.
Ақтілеу ҚАЛДЫБАЙ








03 қыркүйек 2019 ж. 70 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области