Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » «Ішпеңізші, үйден кетпеңізші...» Қызылордалық оқушының анасы жайында жазған шығармасы көпшіліктің көңілін босатты

«Ішпеңізші, үйден кетпеңізші...» Қызылордалық оқушының анасы жайында жазған шығармасы көпшіліктің көңілін босатты


Қызылорда облысы Қазалы ауданының мектептерінің бірінде 8 сынып оқитын өреннің берекені қашырған ішімдік жайында жазған шығармасы көпшіліктің жүрегін тебірентіп, көңілін қозғады, деп хабарлайды
Kyzylorda-news.kz.
«Заң Заңғары» компаниясы «Ішімдіксіз өмірге ұмтылыс» қозғалысы аясында Қазалы ауданында оқушылар арасында шығармашылық сайыс өткізді. Эсселердің ішінде 8 сынып оқушысының шығармасы ұйымдастырушылар мен ұстаздардың көңілін босатып, көздеріне жас үйірген.
«Шаңырақтағы тату-тәттіліктің шайқалуы, адамның әл-қуаттан, ерік-қайраттан айырылуы, еңбек өнімділігінің төмендеуі, бүкіл қылмыстың бастауы – ішімдік екеніне ешкімнің дауы болмас. Міне, сондай мысалдардың бірі төмендегі шығармада айқын көрініс тапқан. Шыны керек, біздер осы жазбаны оқып отырып көзімізге жас келді, көпке дейін өз-өзімізге келе алмадық. Себебі, бұл шығарма ойдан алынбаған, қиялдан құрастырылмаған. Бұл – ұрпағымыздың көріп жатқан өмірдің ащы шындығы», – дейді ұйымдастырушылар.
Ендеше сол шығарманы сіз де соңына дейін оқып шығыңыз. 15 жастағы өреннің абыройына нұқсан келтірмеу мақсатында аты-жөнін жазбай шығарып отырмыз.

Ішімдік...

Ішімдік... Баз біреулер үшін дүкен сөрелерінде тұрған жай ғана шөлмек шығар, біз үшін жарығы жоқ бөлме, жылуы жоқ үй, бұлыңғыр болашақ...
Менің кішкентай кезімде үйде атам болатын, естуімізше, әжем қайтыс болған. Қариясы бар үй, қазынасы мол үй ғой, шіркін?! Атам, әкем, анам бар, біз бақытты едік. Атам үнемі бар тыққан тәттісі мен қолына түскен бар жақсысын інім екеумізге беретін. Әкемнің тұрақты жұмысы болмаса да, арасында нанпұл тауып келетін. Ал анам үйде, үйдің шаруасымен айналысатын еді. Өзіме осы өмірім ұнайтын...
Алайда атамыз науқастанып, өмірден өтті. Атамның қайғысы батты ма әлде үкіметтен алатын азын-аулақ ақшасы ма, білмедім, әйтеуір ауыр қазадан кейін үйде ұрыс-керіс, жанжал басталды... Үйден береке кетті.... Тіпті анам арақ ішіп кетті... Жұмыс жасаймын деп, таңертең кетіп, кешке ішіп келіп жүрді. Әкем оған ренжіп, ақыл айтса, анам ренжиді. Даусын көтеріп, әкеммен ұрысады. Ақыр соңында анам үйден кетіп қалатынды шығарды... Апталап, айлап тіпті екі-үш айға дейін үйге келмейді. Келген кезде 2-3 күн ғана болады үйде. Қайтадан кетіп, келмей қалады. Біз күтеміз, келгенін қалаймыз... Ол келмейді... Өйткені оған туған балаларынан арақ артық болды. Бір күндік табысына арақ алып, өзі қатарлас құрбыларымен көңіл көтереді, қыдырады. Ал біз ше?!! Бауыр еті балаларына жаны ашымайтын ата-ана үшін бұл – үйреншікті өмір деп ойлаймын.
Менің бала болып ойнап, бақыттан басым айналған кездерім болмапты. Үй жинаймын, кір жуамын, отын жарамын, су тасимын, тамақ істеймін, бітпейтін үйдің тірлігі. Ал інім тысыр еткен дыбысқа елеңдеп, анамды күтеді. Мен күтпеймін. Бірақ үйге келген кезде ренішімді ұмытып, оның үйден кетпегенін қалаймын, жақсы көремін. Бірақ ол келген кезде үйде ұзақ болмайды. Кішкентай болсам да, ақыл айтамын, «Ішпеңізші, үйден кетпеңізші» деймін, ол тыңдамайды. НЕГЕ??? Бәрі сол – арақтың кесірі! Анамызды бізден, әкемді анамнан айырған, бізге мейірімсіздік сыйлаған да сол – арақ! Қу құлқыны үшін анам өз балаларын тастап, өз үйінен безіп, жан жарасын арақпен жазды.
Қазір көңіліме медеу болатын тек әкем ғана. Тұрақты жұмысы болмаса да, таңертеңнен кешке дейін әр түрлі жұмыс жасап, бізге тамақ әкеледі. Үнемі жанымызда болмаса да өз ақылын айтады. Біздің сабақты жақсы оқып, үлкен азамат болғанымызды қалайды.
«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деп жатады ғой. Мен керісінше анам таңдаған өмірді таңдамаймын. Мен ішімдіксіз өмір сүргім келеді. Қоғамның да ішімдіксіз өзгергенін қалаймын. Елімнің көркейіп, өркендеуіне өз үлесімді қосқым келеді. Өмірге адам болып келген соң, кірпіш болып қаланғым келеді...
12 желтоқсан 2018 ж. 245 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области