Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » Елі үшін туған ер

Елі үшін туған ер


Шығыстың ойшылы Жүсіп Баласағұн: «Адамның мәңгі болмағы, оның ары мен ел үшін еткен еңбегінде» дейді. Саналы ғұмырын елінің болашағына арнаған тұлғалар аз емес. Оған қоса, Ел Президентінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында жастар арасында шынайы птариотизмді дамыту, елдік мүддені қастерлеу мақсатында елі үшін ерен еңбек еткен тау тұлғалы азаматтарды насихаттауға мән берілген болатын. Осы тұста, елдік мүддені ұран еткен аудан мақтанышының бірі – Зұлпыхар Мұсаханов туралы сыр толғамақпыз.
Тау алыстаған сайын биіктей түсетіні ақиқат. Сол бір таудың асқақтығындай еселі еңбегі арқылы есімі саф алтындай жарқырап, еске алған сайын қыруар қызметтері көптің көңіліне шуақ болып қайта оралады.
Елу жылға жуық ауданда басшылық қызметтер атқарған Зұлпыхар Мұсахановтың өңір экономикасына сіңірген еңбегі өлшеусіз. Бар ғұмырында ел үшін, халық үшін жанын салып, ауданның өсіп-өркендеуіне қомақты үлесін қосты. Бұқараның ырзық-несібесін молайтуға әлі күнге қызмет етіп келе жатқан Тайпақкөл, Сунақата және Келінтөбе магистралды каналдарын қаздыруға басшылық жасап, ат салысып, кең байтақ жерімізді суландыруға бар күш-жігерін жұмсады. Тәуменді тарихқа көз жүгіртсек, 1939 жылдан бастап Жаңақорған ауданы Сырдария өзенінің екі қапталын егіс егуге бейімдеу үшін каналдар қазуды жоспарға енгізіп, іске кірісіп кетті. Әуелі байырғы халқы тығыз орналасқан Төменарық және Сунақата алқаптарына канал қазуды қолға алды. Әрине сол замандардағы қазу құралы тек кетпен болатын. Әсіресе ұзындығы 20 шақырымнан асатын Сунақата каналын қазуға ауданның 24 колхозынан қол күші жиналып, қызу жұмыс қайнады. 1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталып, ер-азаматтар жаппай әскер қатарына алынады. Міне, сол кезде аға буынның орнын жастар басады. 1933-38 жылдары аудандық комсомол комитетінің хатшысы болған Зұлпыхар Мұсаханов өз еркімен Сунақата каналын қазып жатқан еңбеккерлерді басқаруға өтініш білдіріп, канал қазу жұмысын ұйымдастыруға кірісіп кетеді. Осындай сауапты да жауапты жұмыста Зұлпыхар тез есейіп, ел ауыртпалығын бірге көтеріседі.
Соғыстан кейінгі жылдарда ел еңсесін тіктеп, Сыр жағасындағы тың жерді игеруге кіріседі. 1966 жылы Түгіскен массивін игеріп, 6 күріш савхозы ашылып, Келінтөбе магистралдық каналы қысқа мерзімде аяқталып, сол жылы 205 гектар аумаққа күріш дәні себіледі. Сол тұста штаб бастығы болған Мұсаханов тың жерлердің инженерлік жүйеге келтірілуіне еңбектенеді. Оған қоса өзі жетекшілік еткен бас каналдың ұзындығы – 120 шақырым, ұлтанының кеңдігі – 16 метр, тереңдігі – 8 метр келетін Түгіскен алқабын түлеткен Келінтөбе суландыру жүйесі осындай алып құрылыс еді.
Сондай-ақ көзі тірісінде аңыз адамға айналған Дінмұхаммед Қонаев Зұлпыхар Мұсахановты «сары бала» деп атағанын кейінгі жас буын біле бермейді. Міне, біз де осы бір тарихи сәтті қайта жаңғыртып, ұрпақ сабақтастығын ұлықтасақ деген ниет бар. 1969 жылы алғашқы күрішке орақ түсу сәтіне ХХІІІ-партсъезд савхозын көру үшін Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхаммед Ахметұлы келеді. Жақсы дайындықпен қарсы алып, қонақжайлық құрмет көрсетеді. Сол кезде жиылған дала еңбеккерлерінің алдында Дінмұхаммед Қонаев Зұлпыхар ағамыздың қолынан ұстап, көпшілікке қарата:
– Мына сары бала ҚазССР Су және жерді суландыру министрі Сұлтан Сәрсенбаев жолдасты менің алдыма екі мәрте алып келді. Мұсаханов маған Жаңақорғанның Түгіскен массивінде 200 мың гектардан астам тың жерге 50 жылдан бері дүре тимегенін айтып, игеру керектігін айтты. Оған қоса, суландыру жүйесі бойынша мемлекеттік жоспарға ендіруге көмек сұрады. 1965 жылы Түгіскен массивін мемлекеттік жоспарға енгіздік. Осы идеяны ұсынған мына сары бала, – деп обкомның бірінші хатшысы Бектұрғановқа З.Мұсахановты меңзейді.
Осындай ойы ұшқыр, арда азаматтың идеясы нәтижесінде «Задарья», «Түгіскен», «ХХІІІ-партсъезд», «ХХІV-партсъезд», «Өзгент» күріш совхоздары ашылып, халыққа жұмыс көздері табылды. Айрықша атап өтерлік тағы бір жайт бар. Ол Мұсахановтың ұйымдастырушылық қабілеті хақында. Мұсаханов бас арықты қазуға кіріспей тұрып-ақ, және осы жұмыс басталғаннан кейін де Өзбекстанға барады. Ондағы 1914-15, 1920, 1932-33, 1937-38 жылдары көршілес елге ауып кеткен ағайындардың елге оралуына ұйытқы болады. Жалпы бас каналдың бойында орналасқан «Қожакент», «Аққорған», «Баспақкөл», «Сунақата» ауылында негізінен сол уақыттарда Өзбекстаннан көшіп келген ағайындар қоныстанды.
Иә, Зұлпыхар Мұсаханұлының елге еткен елу жылға жуық қызметі еленді. Ол Қазақ КСР-не еңбек сіңірген ауылшаруашылығы қызметкері, 2 мәрте «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» орденінің иегері, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Құрмет грамотасымен 3 мәрте марапатталған.
Түйіндей айтқанда, Мұсаханов каналы қазылғаннан бастап аудан ағын судан көп таршылық көре қоймады десек болады. Оған қоса, Жаңақорған ауданының әр жылды табыспен аяқтап, жоғары еңбек нәтижесін көрсетуімен бағалауға болады. Сол айтқандай, егіншісі мәрт, жері жомарт – біздің аудан өткен жылдың қорытындысымен ауыл шаруашылығы саласы бойынша облыста «үздік аудан» атанды. Бұл ортақ абырой, әрі ауданның аграрлы саладағы серпінді асуы. Әрине, ағын судан қысылмаса, жаңақорғандық диқандардың егіншіліктің байырғы қалыптасқан озық тәсілінен әлі де жаңылыса қоймасы анық. Оның үстіне Елбасының өміршең бағдарламалары арқылы ауыл шаруашылығына зор мән беріліп, Үкімет тарапынан қолдау жұмыстары жүргізіліп келеді. Бір сөзбен айтқанда, ер ырзығына айналған, ел аузында «Мұсаханов» каналы атанып кеткен бас арықтың жылнамасы осылай тарқатылады.
20 қараша 2018 ж. 333 0
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области