Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » 100 ЖАҢА ЕСІМ: ӘМІР-ТЕМІР ХҰСЕЙН

100 ЖАҢА ЕСІМ: ӘМІР-ТЕМІР ХҰСЕЙН


Нартай Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық қазақ драма театры ұжымының таптаурындыққа салынып кетпеуіне әртүрлі режиссерлік қолтаңбалардың әсері айрықша болғаны бүкпесіз ақиқат. Сыр бойының төл перзенті Хүсейін Әмір-Темірдің ең алғаш режиссураға келуіне ықпал еткен де осы Қызылорда театрының ұжымы. Актерлік өнерден көп тәжірибе жинақтап, Мэскеудің режиссуралық шеберханасынан өтіп келген ол «Еңлік-Кебек», «Король Лир», «Түнгі сарын», «Ақан сері-Ақтоқты», «Махаббат мүңы» сияқты, т.б. көптеген күрделі қойылымдарды сахналады. Актерлік кұрамның нығыздала түсуіне хал-қадірінше едәуір күш жұмсады.
Әмір-Темір Хұсейн Жүсіпұлы – Қызылорда облыcтық Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театрының көркемдік жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. 1967 жылдан Н.Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық драма театрында әуелгіде артист, 1970 жылдан бастап режиссер болып еңбек етті.
Хұсейн Жүсіпұлы 1971-72 жылдары Москваның А.В.Луначарский атындағы Театр өнері институтының жоғарғы режиссерлер курсын оқып, оны үздік бітірді. Әрбір кезекті қойылым, ұтымды режиссерлық жаңалық оның кәсіби мүмкіндігін кеңітіп, қалыптасуына бағдаршам болды. 1974 жылы ол театрдың бас режиссері болып тағайындалды. Әмір-Темір Хұсейн Жүсіпұлы жеткен биігінде тұрып қалмай ізденуге құмар. Осындай жаңа ізденістің басы И.Эркеннің «Сау басыма сақинасы» болды. Режиссер актерлерді туындының трагикомедиялық қасиетін еркін меңгеруге бағыттап, шығармашылық еңбектің биік деңгейіне жетеледі. Осы спектакль үшін театр Венгр Халық Республикасы Мәдениет Министрлігінің арнаулы қола жүлдесіне ие болса, режиссурасы үшін Әмір-Темір бүкілодақтық фестивальдің лауреаты атанды.
Режиссер театр репертуарының бай болуына үлкен мән береді. Әр кезде шетел, орыс классиктерінің інжу-маржандарын, көрші халықтардың татымды дүниелерін үзбей қойып келеді. В.Шекспирдің «Король Лирі» мен А.П.Чеховтың «Апалы-сіңлілі үш қызы», Н.В.Гогольдің «Ревизоры» мен Ф.Шиллердің «Зұлымдық пен махаббаты» - осындай дүниелер. Шиллердің спектаклі үшін 1981 жылы, И.Друцэнің «Ең киелі қасиет» драмасының қойылымы үшін 1982 жылы Әмір-Темір Бүкілодақтық фестивальдердің лауреаттығын жеңіп алды. Х.Ж.Әмір-Темір драматургия және журналистика салаларында да қалам тартқан. Ол жазған «Сен мені жеңдің, Сырым» теленовелласы 1968 жылғы Қазақ ССР Министрлер Советінің телевизия және радиохабары жөніндегі Мемлекеттік комитетінің ашық конкурсында екінші орынды жеңіп алып, Қазақстан арнасында қойылды. «Сол бір жаңа жыл» видеофильмі 1983 жылы теледидардан жарық көрсе, 1989 жылы «Қазақтелефильм» студиясы оның сценарийі бойынша «Аламесектен көтерілген ауыл» деректі фильмін түсірді. Әмір-Темір Хұсейн Жүсіпұлы 1992 жылы Алматы облыстық Б.Римова атындағы Талдықорған драма театрына бас режиссеры болып, 10 жылдан астам уақыт табысты еңбек етті. Ол басқарған жылдары Талдықорған театры үш мәрте республикалық фестивальдердің жүлдегері болды. Режиссер «Ең үздік режиссер», «Сахнадағы көп жылдық еңбегі» үшін номинациялары бойынша республикалық фестивальдердің лауреаты атанды. Ел президенті Нұрсұлтан Назарбаев Әмір-Темір сахналаған М.Әуезовтің «Бәйбіше, тоқал» спектаклін көріп, жоғары бағалады. Көп ұзамай 2000 жылы режиссер «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» деген атаққа ие болды.
Әмір-Темір Хұсейн Жүсіпұлы Қызылорда театрына облыс әкімшілігінің, ұжымның шақыруымен келіп, табысты еңбек етуде. Ол қойған бірнеше спектакльдер Халықаралық, республикалық дәрежеде өткен өнер фестивальдеріне қатысып, жүлделі орындарға ие болды. Осы тұрғыда театр тарихын саралайтын болсақ, Сыр театрының ұжымы үлкен сахналарда өнер көрсетіп, біршама жүлделерге қол жеткізді. Атап айтсақ, 2005 жылы қазақ драматургиясының классиктері Ж.Аймауытов пен Б.Майлиннің «Аласапыран» атты спектаклін қойып, Қазан қаласының 1000 жылдығына арналған фестивальге, 2012 жылы Түркиядағы Кония қаласында өткен «Мың тыныс, бір үн» фестиваліне түрік драматургі Тургай Нардың «Төбекөз» спекталімен, 2013 жылы екінші рет Қазан қаласында өткен фестивальге қатысып қайтты. 2015 жылы Қазақстанның Ұлыбританиядағы күндері аясында Лондон халқына Дулат Исабековтың «Ескі үйдегі екі кездесу» драмасын ұсынып, ағылшын халқының зор ықыласына бөленіп қайтты. Режиссердің қойған спектакльдері сыншылар тарапынан жылы лебіздерге ие болып, жақсы дәрежеде бағаланды.
Сонымен қатар, аталмыш спектакль Әзербайжан елінің тарихи қаласы Шеки театрының сахнасында да қойылып, көрермендердің ерекше қошеметіне ие болды. Ғ.Мүсіреповтың «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу» пьесасының желісі бойынша Хұсейн Әмір-Темір сахналаған «Ақбаян» спектаклімен Қызылорда театры Эдинбург қаласында өткен «Фриндж» халықаралық өнер фестиваліне қатысып, үлкен жетістікпен оралды. Сондай-ақ, республикамызға белгілі бірнеше өнерпаздардың шығармашылығын одан әрі шыңдап, талантын шынайы өнермен ұштастырып, өнер иесі ретінде қалыптасуына өз үлесін қосқан білікті режиссер. Хұсейн Әмір-Темір қазақ өнері үшін аянбай еңбек етіп, бойындағы өнерге деген шынайы ықыласын шарықтатып, бар ынта-жігері мен қарым-қабілетін қазақ өнеріне арнап жүрген парасаты биік режиссер.
03 қазан 2018 ж. 324 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области