Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » АНТИКАЛЫҚ КЕЗЕҢ. ҚАЛАЛЫҚ МӘДЕНИЕТТІҢ ҚАЛЫПТАСУЫ

АНТИКАЛЫҚ КЕЗЕҢ. ҚАЛАЛЫҚ МӘДЕНИЕТТІҢ ҚАЛЫПТАСУЫ


Елбасының «Рухани жаңғыру»  бағдарламасы тарихи-мәдени ескерткіштерді зерттеп, зерделеуге айрықша маңыз бергені белгілі. «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасының бірінші кезеңі жүзеге асырылып, қасиетті орындар, жәдігер ескерткіштер анықталды. Қызылорда облысы бойынша 12 ескерткіш жалпыұлттық, 35 ескерткіш өңірлік маңызы бар қасиетті орындар тізіміне енгізілді. Бұған қоса, облыстық тарихи-өлкетану музейінің экспозицияларын жаңарту жұмыстары жүргізілді. Айта кетейік, нақты кезеңде облыстағы 12 музейде «Рухани жаңғыру» тақырыбы ескеріле отырып, экспозициялар жаңартылды.
Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейі – облыстағы ірі мәдени, ғылыми-зерттеу орталықтардың бірі. Нақты кезеңде музей қорында өлкеміздің ежелгі дәуірінен бастап бүгінгі күнге дейін сан ғасырлық тарихынан терең сыр шертетін 55 мыңнан астам экспонат сақталуда. Музейдің археологиялық қорындағы экспонаттар ұлтымыздың баға жетпес байлығы болып табылады.
Еске сала кетсек, 2015-2016 жылдары облыстық музейдің 11 залдан тұратын экспозициясы толыққанды қайта жаңғыртылды. Соның ішінде Сыр өңірінің ертедегі тарихын баяндайтын "Археология" залының экспозициясын ерекше атап өтуге болады. Біз облыстық музейдің ақайта жаңғырған «Археология» залының бөлімдерін қамтып, тұрақты түрде материалдар беріп келеміз. Мәселен, біз «Облыстық музейдің қайта жаңғырған «Археология» залы» тақырыбымен «Арал маңының тас және қола дәуірі» және «Ерте темір ғасыры» бөлімдері туралы мақаланы оқырман назарына ұсынған едік. Бүгін «Антикалық кезең. Қалалық мәдениеттің қалыптасуы» бөлімі туралы, яғни сақ дәуірі - Шірік-Рабат мәдениетін тақырыпқа тамызық етеміз.
«Археология» залының экспозициясында сақ дәуірі айрықша орын алады. Сырдария сақтарының мәдениеті б.з.д. I-мыңжылдықтың екінші жартысында гүлденген деңгейге жетіп, қалаларпайда болды. Бұл өркениет б.з.д. IV-II ғғ. қанатын кең жайып Шірік-Рабат мәдениеті деп аталды.
Шірік-рабат қалашығы Сырдарияның көне арнасы – Жаңадарияның сол жақ жағалауындағы көлемі 850х600 м. болатын табиғи төбенің үстінде орналасқан. Ескерткіш мықты қорғаныс жүйелерімен қоршалған. Төбенің төменгі етегінде қазылған ор бар. Оның бүгінгі таңдағы тереңдігі 4,5 метрге, ені 40 метрге жуық болса, ал одан шыққан топырақтан сыртқа дуал тұрғызылған.
Сақталған биіктігі 3 метрді, тарабындағы ені 8-10 метрді құрайтын бұл бекініс дуалды қалашықты солтүстіктен және шығыстан қорғап тұрған. Қала жұртында қоныстану бірнеше кезеңнен тұрады.
1946 жылы Шірік-Рабат қалашығын алғаш рет ХАЭЭ зерттеді (жетекшісі С.П.Толстов). 1948-49 жж., 1957-58 жж. археологиялық қазба жұмыстары жүргізілді. [Толстов С.П. По древним дельтам Окса и Яксарта. Москва, 1962. 139 б.].
Одан кейін 2004 жылдан бастап "Мәдени мұра" бағдарламасы аясында Шірік-Рабат археологиялық экспедициясы (жетекшісі Ж.Құрманқұлов) зерттеу жұмыстары басталып, қазіргі уақытта жалғастырылуда.
Арнайы витриналарда Шірік-Рабат оазисіндегі Шірік-Рабат, Бәбіш мола, Баланды қалашықтары жайлы деректер, қазба жұмыстары кезінде табылған археологиялық экспонаттар (алтын жасалған жапсырмалар, керамикалық ыдыстар, сақ адамдарының реконструкциялары) қойылды.
/жалғасы бар/
Асхат САЙЛАУ,
Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану
музейінің ғалым-хатшысы
09 тамыз 2018 ж. 497 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области