Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » КӨККЕСЕНЕ МЕН БАРШЫНКЕНТТІҢ ҚАНДАЙ САБАҚТАСТЫҒЫ БАР?

КӨККЕСЕНЕ МЕН БАРШЫНКЕНТТІҢ ҚАНДАЙ САБАҚТАСТЫҒЫ БАР?

Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Туған жер» бағдарламасын ұсынып, жас ұрпақтың бойына сүйіспеншілік, патриоттық сезімді қалыптастыру керектігін атап өтті. Ал атамекенге, туған жерге сүйіспеншілік туған тарихыңды тереңнен білуден басталады
Өткенге ой салып, оны зердеге тоқу тарихты тірілтумен бірдей. Кешегісіз бүгін жоқ десек, ұлттық ұстаным ұмытылмауы тиіс. Сырдың күрең топырағында қаншама қазына көмулі жатыр десеңізші?!. Зерттеліп, ғылыми айналымға енгені қаншама?
Мемлекеттік "Мәдени мұра" бағдарламасы ұсынған мол жәдігерді жинақтау уақыт алға жылжыған сайын толысып, құндылығы жағынан байитыны сөзсіз. Ғұлама ғалым Әбу Насыр әл-Фараби: "Халық өткен өмір тарихын білмесе, өзінің сүріп жатқан дәуірінің қадірін бағалай алмайды" десе, Баласағұн бабамыз: "Болашақ өткен тарихты білуден басталады" деген екен. Бүгінгі қоғам да тарихты құрметтеуге мән беріп келеді.
Ата заңымыздың 37-бабында: "Қазақс¬тан Республикасының азаматтары тарихи және мәдени мұралардың сақталуына қамқорлық жасауға, тарихи және мәдени ескерткіштерін қорғауға міндетті" деп көрсетілген.
Демек, біз ата-баба тарихы мен мұрасын аяқ асты етпеуге тиістіміз. Қызылорда қаласы еліміздің астанасы болып тұрған кезде Бейімбет Майлин Сыр бойындағы Көккесене күмбезі мен Баршынкент қаласының орнын есепке алып қорғау керектігін, болашақ ұрпақ үшін археологиялық зерттеулер жүргізу қажетті¬лігін айтыпты.
Қаламгер 1926 жылы "Еңбекші қазақ" газетінде "Мәдениет мұралары" деген мақала жариялайды. Онда Көккесенені алдымен қорғау керектігін, содан кейін ел аузында жүрген материалдарды жинақтайтын "Мәдениет мұралары" қажет екендігін көрсетеді. Міне, жазушы қаламына арқау болған бұл тарихи тақырып, бүгінде өзінің өзектілігін жойған жоқ.
Осыдан 85 жыл бұрын Бейімбет Майлин айтқан "Мәдениет мұрасы" бүгінде мемлекеттік "Мәдени мұра" бағдарламасына айналды.
...Көккесене мавзолейі және Баршынкент қаласы жөнінде В.Каллаур, В.Касаниев ғалымдардан кейін де этнограф-ғалым Ә.Диваев, академиктер В.Бартольд, Ә.Марғұлан т.б. зерттеушілермен бірге соңғы жылдары журналистер Ә.Әбласанов, филолог ғалым Т.Қоңыратбаев жергілікті жазушылар А.Сопыбеков, А.Бибасаров және тағы басқалар өз-дерінің тарихи-танымдық көркем шығармаларында, газет-журнал беттерінде өз тұжырымдарын жасады.
Сол сияқты "Қазақ Совет", "Қызылорда", "Сыр елі" энциклопедияларында да аталмыш тарихи мұралар туралы нақты деректер берілген. Осы деректерге сүйенсек, Көккесене – оғыз-қыпшақ заманында ХІ ғасырда Сырдария жағасында тұрғызылған сәу-летті күмбез.
Көккесене Алпамыс батырдың жұ¬байы Баршын сұлудың (Гүлбаршынның) қабіріне салжұқ хорезм шаһ заманында сәулет өнері үлгісімен салынған. Көккесененің астыңғы негізі берік етіп жасалып, оның үстіне бірінен-бірі биіктете үш барабан тұрғызылған. Орталық барабанды михраб түрінде қуыстап келтіріп, үстіне сүйір мұнара орнатқан. Күм-бездің арқасын жебенің үшкір басына ұқсатып, екі иығын өрнекті бағаналармен көмкерген. Қабырғаларын Алаша хан күмбезі секілді қыштан кілем өрнегі үстіне ұқсатып қалаған.
Түркістан археология үйірмесінің мүшесі, полковник В.А.Каллаур Көккесенеде үш рет болып зерттеген, қаланың орнын суретке түсіріп алған. Ол алғаш 1898 жылы келіп көргенде Көккесене оншалықты қирамаған екен.
Қабырғалары сегіз қырлы бөлікке бөлініп, төбесі күмбезге ұласып кеткен. Күмбездің ішкі жағында айналдыра жазылған арабша жазулар болған. Бұл деректерге В.А.Каллаур 1900 жылғы "1229 жылы Шыңғыс хан әскері қиратқан Перовск уезі" атты мақаласында кеңінен тоқталған. Оның қалану әдісі Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи мавзолейімен бірдей екендігін айтқан. В.А.Каллаур үшінші рет келгенде күмбездің астында табыт жатқанын анықтаған.
В.Каллаурдан соң атақты ғалым А.Якубовский Сығанаққа келген сапарында Көккесенеге арнайы соғып, жергілікті тұрғындардан оның 1914 жылы қирағандығын біледі. Қирағаннан қалған бөлігін суретке түсіртіп, алдыңғы суреттерді салыстыра отырып, зерттеу жүргізеді.
- Мұнда келіп біз аянышты халді көрдік. Портал арқасының оңтүстік бөлігіндегі тірегі ғана тұр. Құрылыстың көлемі мен орнын қазба жұмыстарын жүргізбей анықтау мүмкін болмады. Төбенің үстінде көлемі 25х25х5 см келетін күйдірілген кірпіштер үйіліп жатыр. Кірпіш бетіндегі әшекей өте жоғары сапалы, қалың шыны тәріздес қабатпен құйылған. Мавзолей тірегінің көлемі - 6,5 м, биіктігі - 4,5 м, төбесінің көлемі - 110 қадам, биіктігі - 3,1 метр. Көз жүгірте қараудың өзінен Көккесененің әсемдігі жағынан сәулетті құрылыс екендігін айтуға болады,- деп жазады А.Якубовский.
Баршынкент қаласының тағы қызық бір тарихы, қаланы оғыз еліне даңқы жайылған данышпан қыздың бірі – Гүлбаршын сұлуға арнап салынғандығы. Қазақтар қаланы бергі кезге дейін "Қыз қала" деп атап келген.
Бұл әйелдің атымен аталған, түркі тектес халықтар мекендеген жердегі бірден-бір қала болған. Ендігі бір деректерде Гүлбаршынның әкесі Қармыс бай (кейбір жырларда Қармыс байды "Байсары" деп те атайды). Жаңақорған өңірінде орналасқан Өзгент қаласында тұрғандығы айтылады.
Бұл жайында соңғы кезде көп қалам тербеп жүрген ақын-жазушы жерлесіміз Адырбек Сопыбековтың "Жаңарған Жаңақорған" тарихнамасында былай деп келтіреді: "Сыр бойындағы аса маңызды тарихи және мәдени ескерткіштердің бірі - Көккесене. Кесененің орны Төменарық теміржол стансасының солтүстік күншығысынан 5 шақырым жерде, Қожамберді ауылында".
Одан әрі академик Ә.Марғұланның еңбектерінде айтылған Баршынкентке тоқталады. «Бірқатар зерттеу еңбектерінде Баршынкент қаласы Сырдария өзенінің оң жағасында, Көккесене күмбезіне таяу жерде болғандығы айтылған. Мұның жөні бар секілді. Өйткені, Баршын сұлу қайтыс болғанда оны айдалаға апарып қоймай, сол өзі билік жүргізген қала маңындағы мазарға жерлеу керек болған».
Ұлтымызды ұлықтайтын құнды мұраларымыз ел игілігіне жараса одан артық не бар? Осы ретте Көккесене күмбезін мәңгі есте қалдыру мен аса құнды жәдігерлерімізді насихаттау, оны ұрпақтан-ұрпаққа таныту бағытында ел ағалары қызығушылық танытып, өз еріктерімен оны қамқорлыққа алуды көздеп жақсы бастамалар көтеруде. Соңғы жүзжылдықта Жаңақорған ауданы маңында бақилық болғандардың мазарына айналған шағын қорымның бір жағындағы кіреберіс қақпаға таяу орын тепкен Көккесене "кедейдің кепшігін" кигенге ұқсайды.
Аталған тарихи құнды күмбез Жаңақорған ауданы Қожамберді ауылының күншығыс жағында орналасқан. Аймақ басшысының тапсырмасымен аймақта ішкі туризмді дамыту қолға алынып жатыр. Міне, біз сөз етіп отырған Көккесене күмбезін саяхатшылар баратын тарихи орынға айналдыруға да болар еді.

Ержан АЙМАХАНОВ,
№162 орта мектебінің
қазақ тілі пәні мұғалімі
Жаңақорған ауданы
Қожамберді ауылы
18 шілде 2018 ж. 783 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2022    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области