Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » Билер сотын жаңғырту – елдің рухани жаңғыруының бастамасы

Билер сотын жаңғырту – елдің рухани жаңғыруының бастамасы



Kyzylorda-news.kz. Елдігіміздің беріктігін нығайту мақсатында биліктің бір тармағы ретінде бүгінгі соттар кешегі өткен билердің ісін жалғастырып, ел ішінде туындаған дауларды шешуде, оны мән-мағынасы бо¬йынша ғана қарап қоймай, екі тараптың бітімге қол жеткізу жолдарын медиация институты арқылы ел арасында кеңінен насихаттауда. Ел болған соң дау-дамайсыз болмайтыны анық. Бірақ сол жанжалды ушықтармай дер кезінде шешуге қол жеткізу жолдарын дамыту, бүгінгі күнде қай жиынның болса да басты тақырыбына айналып отыр.

Өйткені ұлтымызға жат жағдайлардың белең алуы, салт-дәстүріміздің ұмы¬тылып, құндылықтарымыздың құнсыз¬данып, дүние игіліктері көбірек дәріптелетін қазіргі қоғамда дау-дамайлар жылдан-жылға еселеп артуда.
«Сотқа беремін» деген суық сөз бүгінде жиі айтылатын болды. Неге екені белгісіз, соттасуға құмар болып алдық. Ашуды ақылға жеңдіре алмай, болмашыға алтын уақытын сот табалдырығын тоздырумен өткізіп жүргендер қаншама?! Әсіресе, азаматтық даулар саны өскен. Тараптар арасындағы түйткілдің сот арқылы шешілуі орынды дегенімізбен, өзара түсінісіп, бір бітімге келуге болатын ұсақ-түйек даулардың сотқа дейін жетуі мақтанып айтатын көрсеткіш емес.
Елбасы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапа¬сын арттыру» атты Жолдауында,  жыл сайын 4 миллион азаматымыз  сот¬та қаралатын іске қатысатынын, бұған қаншама күш пен қаражат жұм¬са¬латынын, уақыт пен ресурстардың орынсыз шығынын талап ететін артық сот рәсімдері қысқаруға тиістігін атап өтті.
Өздеріңіз білетіндей, елімізде қоғамдағы даукестіктің деңгейін төмендетіп және дауларды келісім арқылы тиімді шешу шараларын жолға қою бағытында түрлі шаралар жүргізіліп келеді. Арнайы медиация туралы Заң қабылданды. Азаматтық процестік кодексіне татуластыру рәсімдері туралы арнайы тарау енгізілді.
«Медиация заңы» қабылданып, медиатор ұғымы пайда болса да, оны әлі күнге ұлттық болмысқа сіңіре алмай келеміз. Сол себепті «Медиация Заңы» қазақ қоғамында басқаның балапанындай еркін қанат қағып кете алмай жүр.
Жоғарғы Сот бастамашы болған «Сот төрелігінің 7 түйіні» жобасының «Татуласу: Сотқа дейін және сотта» деп аталатын бағдары бойынша өткен жылғы бірінші жартыжылдық қорытындысына арналған кеңесте жергілікті жерлерде билер кеңесін құру ұсынылды. Осыған орай, бүгінде осы Билер кеңесін құру мақсатында әр өңірде жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Би – қазақтың ұғымында тек дәстүрлі құқықты қолданушы ғана емес, ақылгөй данышпан, көреген көсем, көңіл шырағы қиядағыны шалатын, ойы орамды, сөзі шалымды көреген де көріпкел дана. Салмақты сөздің сандығы, от ауызды, орақ тілді, ойы ұшқыр, өткір сөз зергері. Өлшеп пішіп, екшеп шешетін – әділдік таразысы. Бәрін де татуластыра алатын бітімгер. Айта берсе бидің бойына сыймайтын қасиет жоқ еді.
Ұлы билер Төле, Қазыбек, Әйтеке өмір сүрген кезең – тарихымыздың тәлімі көп, ел үшін үлгі болатын ерекше кезеңі. Олар жаугершіліктің кесірінен ыдыраған халқының есін жиған, әділетті билік шешімдерінен айнымай, келешекке көз салып, үміт отын жағу арқылы көрегендік пен ұйымдастырушылық көрсете білген. Билердің оқығаны көп болмаса да, тоқығаны мол, парасатты, азаматтық тұғырлары биік қасиеттерін, рухани мол қазынасын жария ететін аңыздар мен шежірелер бүгінгі күнге де жеткен. Қазақ билерінің өзіне тән ерекшелігі мен басқа халықтарда кездеспейтін қасиеті – дау-жанжалдарды мағыналы, шешендік сөздермен шешуі.
Арнайы том-том болып жазылған кодекстерге, толып жатқан құқықтық-нормативтік актілерге сүйенбей-ақ, өз орнымен қисынды айтылған бір сөзбен дауды тоқтатуды қалыптастырған қазақ ұлты сөз мағынасына, оның шексіз мүмкіндігіне ертеден-ақ назар аударған. «Қап салмағы дәнінде, сөз салмағы мәнінде» деп білетін билер әділдікті шешендікпен ұштастырып, елдің қамын жеген.
Билеріміз сөз құдіретін тиімді пайдаланып, шешімдер шығарғанда мүдделі тұлғалардың ғана емес, оған қатысушы жұртқа да тәрбиелік мәні зор, көпшіліктің көкейінен шығатын аталы сөздерді айтып, олардың сана-сезімі мен мінез-құлқына сіңіруін, іс-әрекетінде қолдану жолдарын қарастырған.
Жазба әдебиеті болмаса да, халқымызға тән ұлы қасиеттердің бірі, ауыз әдебиетінің озық үлгілері ретінде, билер шешімі өзінің терең мазмұнымен талай жұртты таң қалдырып, араға талай ғасыр салып, бүгінгі күнге дейін жетіп отыр.
Ел аузындағы «Төле би былай депті», «Қаз дауысты Қазыбек би айтыпты», «Әйтеке би айтқан екен» деген сөздер осыдан қалған.
Сондықтан да, қазіргі кезде қолға алынып жатқан Билер кеңесін құру бағытындағы бұл бастамадан біздің аймақ қалыс қалмайды деп сенемін.
Біздің облыстың әр ауданында, әр ауылында әр аймақтың құрмет тұтып, ақылына жүгінетін, сөзіне сеніп, ісіне риза болатын ардақтылары бар.
Міне, соларға «Би» мәртебесі берілсе, олар сөздің күшімен-ақ қандай-да болмасын дауды, мәселен, ажырасамыз деген жастарға ұлттық дәстүрімізді, әдет-ғұрыптарымызды, ата-бабаларымыздан қалған өсиет сөздерді жастардың санасына сіңіріп, бұзылған отаудың келешегі, ондағы баланың болашағы туралы ой салып, шаңырақты сақтап қалуларына жол сілтеп отырса, ешқандай дау арыға бармайды деп санаймын.
Өткеннің елдігімізге пайдалы жақтарын игілікке айналдырып, «Би», «Билер кеңесі» мәртебесін қайта қалпына келтіруге жасалып жатқан қазіргі нақты қадамдар – ұлттық жаңғырудың көрінісі.
Ендеше мен билер сотын жаңғырту  елдің рухани жаңғыруының бастамасы деп білемін. Билер кеңесінің атқарар ісі ауқымды, оның халыққа тигізер пайдасы да аз болмайды деп сенемін.
Зейнулла НҰРСЕЙТОВ,
Қызылорда облысының Билер кеңесінің төрағасы.

18 желтоқсан 2019 ж. 198 0

Біздің басылымдар

Сыр бойы
Кызылординские вести
Kyzylorda-News
Ақмешіт апталығы
Ақмешіт жастары
Өскен өңір
Тіршілік тынысы
Қазалы
Толқын
Қармақшы таңы
Жаңақорған тынысы
Жалағаш жаршысы

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2020    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930
31 
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области