Сыр Медиа

жауапкершілігі шектеулі серіктестік
» » Мәди Құрманәли: Әлем әдебиетінің Әбдіжәмілі

Мәди Құрманәли: Әлем әдебиетінің Әбдіжәмілі


Бұл маңның бір кездегі тас уытар толқынын, оркестр әуеніндей әуезді шуылын тек естелік етіп ғана айтып жүрміз. Кемеден қаңқа, капитаннан киім ғана қалған қазір. Теңіздің құм ортасындағы маржандай сұлу да маңғаз кейпі музейде картина боп ілулі тұр. Сол сұлу табиғаттан тек ескі кадрлар ғана естелік айтады. Байырғы балықшылар жоқ іздеген жандай жергілікті музейге келіп көк теңізімен бір көрісіп кетеді. Сұрқай саясат дейміз іштен – табиғатқа жасалған зор қастандық үшін. Алып айдынның тағдыры түптеп келгенде адам тағдыры еді-ау...
Бүгінгі ұрпақ үшін ескінің әңгімесіндей боп естілетін көк теңіздің даңқты кезін де, аңқасы кеуіп құлан жортқан қу медиенге айналған шағында көзбен көрген жазушы – Әбдіжәміл Нұрпейісов. Ол маңдайдағы емес, көкірек көзімен түйсінді, сезінді. Көк теңізінің көз алдында шөгіп бара жатқанына налыды. Табиғатқа жасалған қиянаттың айналып келіп адамзаттың өзіне өштесерін ерте сезінді. Себебі жазушы да, ақын да елден елу жыл алдын өмір сүреді емес пе? Осылайша қалам деген құдіретті ұстаған жазушы теңіз тағдырын айтып талай рет мақала жазды, құлағы барға естіртті. Бұл көзі тірі классиктің туған жер тағдырына, адам тағдырына деген алаңы еді.
«Мен ең әуелі қазақпын. Менің осынау бүтіл жаратылысқа, бүтіл тіршілікке деген көзқарасым мына жарық дүниеге келген сәттен, былайша айтқанда жөргегімнен ана тілімнің әсем әуезі, боз далада бозала таңнан шырылдап, шырқырап ән салатын бозторғайдың үні, садағаң кетейін қазақ даласының боз жусанының ащы исі мен ән-күйі арқылы ғана қалыптасқан» депті Әбең естеліктерінің бірінде. Мына ұлы далаға деген ыстық ықыласын осыдан-ақ аңғарса болғандай.
Сөз деген құдірет кез келгеннің маңдайын жазыла бермейтін бақ болса керек. Ол тәңірден келетін қасиет, табиғаттан берілген сый. Ал қасиетті ұстап тұру, аманатты адалдықпен арқалап жүру екінің бірінің қолынан келе бермейді. Ал Әбең халық жазушысы деген атақты иеленді. Көлденең көк аттыға таңылмайтын бұл атақ сұрап ала алмайтын, саудамен есептелмейтін дәреже. Тек халық қалауы ғана төреші бола алады. Шығармашылық талдау мен әдебиет әлеміндегі маңызын әдебиетшілерден асырып кім айтар. Алайда жазушылық жолға роман арқалап келген қаламгердің сөз майданында сайыпқыран солдат болғаны күмәнсіз. Оның көркемсөзбен кестелей сурет сала білетін шеберлігі талай сыншының назарына ілікті. Сәбит Мұқанов үлкен бір алқалы жиында Әбдіжәміл Нұрпейісов жайында: «Менің қазақ әдебиетінде 20 жыл бойы күткен адамым енді келді», – деп көпшіліктен сүйінші сұрап, жар салған екен. Оның шын бағасын осыдан асырып қалай айтамыз.
Тегінде Әбеңнің сөз өнеріне деген сүйіспеншілігі қанмен келген. Көз көрген кісілердің айтуынша, жасынан құйма құлақ зерек болыпты. Күндіз де, түнде де кітаптан бас алмайды деседі. Одан соң орта мектепті тәмамдап, соғысқа аттанады. Өмірдің түрлі бұралаңы болашақ жазушының буынын қатайтты. Он жеті жасында әскерге алынған боз баланың ойында сұрапыл жылдар пісіп жетіліп, кейін «Курландия» романына айналды. Жастанып оқыған «Қан мен тер» кейіпкер кейпімен ұлт тағдырын сипаттаған шығарма болатын. Одан кейінгі «Соңғы парыз» жазушының туған жерге деген тағзымындай еді. Ұлы теңіз талай тарланды түлетіп ұшырды. Ұлт руханиятының ұстазына айналар тұлғаларды дүниеге әкелді. Бұл құмға құндақталып, теңізбен тербелген, табиғатпен тілдескен суреткерлердің ордасы.
Әбеңнің көк теңіздің қос дәуіріне куә болғанын айтқан едік. Жағалау алыстап, жұрт жапатармағай көшкен заман болды. Қаңыраған ауылдар қабырғаға бататын. Өзің толқынына тербелген көк айдынның көз алдыңда құмға сіңіп бара жатқанын көру азап еді. Алайда көңілге жұбаныш болар жаңа бастамалар теңізді қайта түлеткендей болды. Балықшылардың байырғы дәурені басталып, өзге жаққа қоныс аударған ағайын туған жерімен қауышты. Осы игіліктің бәрі туған жер перзенттерінің Тәңір-тілегінің, жағалау жұртының ертеңге деген сенімінің жемісі. Теңіз-ананың талай тағдырлы шағында сырт айналмаған Әбеңнің де бар қалауы осы болатын. Ол Әлем әдебиетінің Әбдіжәмілі атанса да туған жер алдында қашан сәби екенін ұмытқан жоқ.
Уақыт – қашан да әділетті. Замандар сайдың тасындай сақаларды ғана іріктеп алатыны даусыз. Тағдыр таразысына түскен талай жан өмір көшінде өз жолынан адасып қалып жатады. Алайда Әбеңді жазушылық тағдыры адастырмады, адаспады. Ол осы арқылы қаламына адал қызмет етті, халқына рухани қазына ұсынды. Бүгінде 95 жасқа келіп, Ұлттың абызына айналған жазушыға жоғарғы дәреже – Қазақстанның Еңбек Ері атағы беріліп отыр. Бұл Арал жұртының, Қазақстан халқының қуанышы. Өмір бойы халқына қаламмен, махабатымен қызмет еткен ақсақалымыздың лайықты наградаға ие болуы бізді қуантады.

Мәди Құрманәли,
журналист.
28 қазан 2019 ж. 36 0
  • Нақты қадам
  • Digital Kazakhstan
  • Egov
  • Жаңғыру 30
  • Рухани Жаңғыру
  • Нұрлы жол
  • Сайт президента
  • Акимата Кызылординской области